Мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім – баланың тұлғалық дамуын қалыптастыратын біртұтас педагогикалық жүйе. Сондықтан да екі деңгей арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету – үздіксіз білім берудің негізгі талабы. Сабақтастық тек білім мазмұнының үйлесімділігімен шектелмей, баланың даму ерекшеліктерін ескерген бірлескен педагогикалық орта қалыптастыруды көздейді.

Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың танымдық, әлеуметтік, тілдік және эмоционалдық дағдыларын дамыту – бастауыш білімге сенімді қадам жасауға негіз болуда. «Бейбарыс» бөбекжай-бақшасында осы талаптарды жүйелі жүзеге асыру мақсатында баланың жас ерекшелігіне сәйкес бейімделген білім беру бағдарламалары қолданылады. Әр бала тұлға ретінде қарастырылып, оның әлеуетін ашуға бағытталған дамытушы орта құрылады.
Сабақтастықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі – балабақша тәрбиешілері мен бастауыш сынып мұғалімдерінің өзара байланысы. Екі тараптың бірлескен әдістемелік кеңестері, ашық сабақтарына қатысуы, баланың жетістіктері мен даму бағыты жөнінде ақпарат алмасуы – баланың мектепке еш қиындықсыз бейімделуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда жүргізілетін құзыреттілікке бағытталған жұмыстар бастауышта жалғасын тауып, бірізділік сақталуы қажет.

«Бейбарыс» бөбекжай-бақшасында мектепке даярлық топтарында балалардың оқу дағдыларына деген қызығушылығын арттыру, ұсақ моторика мен сөйлеу тілін дамыту, логикалық ойлауын жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіледі. Осы арқылы болашақ оқушының өзіндік пікір айту, тапсырма орындау, тыңдау және қарым-қатынас орнату қабілеттері қалыптасады. Мұның барлығы бастауыш буындағы оқу үдерісіне жеңіл бейімделуге жол ашады.
Сабақтастықтың тағы бір маңызды қыры – ата-анамен өзара байланыс. Баланың дамуындағы мектепке дейінгі кезең мен бастауыш буынның ерекшеліктерін түсіндіру, ата-ананы осы үрдіске белсенді қатыстыру – білім сапасының артуына серпін береді. Біздің мекемеде ата-аналарға арналған семинарлар, кеңес беру сағаттары, мектеп мұғалімдерінің қатысуымен өтетін кездесулер дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Қорыта айтқанда, мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығын қамтамасыз ету – баланың білім жолындағы алғашқы баспалдағын нық қып қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыс. Бұл бағыттағы жүйелі іс-шаралар балалардың жан-жақты дамуына, олардың мектепке деген сенімділігі мен қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. «Бейбарыс» бөбекжай-бақшасы осы міндетті абыроймен атқарып, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына өз үлесін қоса береді.
Айнур КУТТЫБАЕВА,
МКҚК «Бейбарыс» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.
