Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудегі басты мақсатымыз – мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру арасындағы табиғи байланыс пен өзара сабақтастықты тиімді ұйымдастыру. Бала балабақшадан мектепке өткен кезде оның дамуы үзілмей жалғасуы, алған білімі мен дағдылары жаңа білім кезеңінде қолдау тауып, әрі қарай дамытылуы – бүгінгі білім беру жүйесінің негізгі талабы. Бұл бағытта балабақша мен мектептің, педагогтар мен ата-аналардың, психологтар мен әдіскерлердің бірлескен жұмысы ерекше маңызға ие.

Сабақтастық ең алдымен білім мазмұнының, әдістемелік тәсілдер мен тәрбиелік талаптардың үйлесімділігі арқылы көрінеді. Балабақшада қалыптасатын базалық дағдылар – сөйлеу мәдениеті, ұжымдық ортада қарым-қатынас жасау, тапсырманы тыңдай білу, ойлау, зейін, ұқыптылық пен дербестік – бастауыш сыныптың оқу бағдарламасына негіз болып табылады. Сондықтан біздің ұйымдағы әрбір тәрбиеші баланың мектепке барар алдындағы дайындық деңгейін жан-жақты қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.

Бастауыш сынып мұғалімдерімен өзара байланыс орнату да сабақтастықтың маңызды шарты. Жыл сайын мектеп мұғалімдерін шақырып, балалардың даму көрсеткіштерімен таныстыру, ашық сабақтар ұйымдастыру, бірлескен іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Бұл жұмыс мұғалімдерге келер баланың оқу, сөйлеу, әлеуметтік бейімделу деңгейін алдын ала білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, болашақ бірінші сынып оқушыларын мектеппен таныстыру, психологпен бірлескен дайындық тренингтері, бейімдеу ойындары – баланың жаңа ортаға жеңіл үйренуіне септігін тигізеді.

Сабақтастықты қамтамасыз етуде ата-аналармен өзара қарым-қатынас та өте маңызды. Баланың мектепке дайындық барысы туралы жүйелі ақпарат беру, ата-аналар жиналысында бастауыш буын талаптарын түсіндіру, үй жағдайында қолдау көрсету жолдарын ұсыну – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Себебі баланың табысты білім жолы тек балабақша мен мектеп жұмысына ғана емес, отбасының қолдауына да байланысты.

Біздің балабақшада педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыруға, заманауи әдіс-тәсілдер қолдануға, ойын арқылы оқытуды тиімді ұйымдастыруға ерекше мән беріледі. Бала өз қабілетін еркін танытып, ойын, тәжірибе және белсенді әрекет арқылы дамыған жағдайда ғана мектепке деген қызығушылығы жоғары болады.

Қорытындылай айтқанда, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы сабақтастық – баланың жеке тұлға болып қалыптасуына бағытталған кешенді жұмыс. Балабақша меңгерушісі ретінде мен үшін басты міндет – баланың мектеп өміріне сенімді қадам басуына жағдай жасап, оның білім жолының алғашқы кезеңін сапалы ұйымдастыру. Балаға қолайлы орта, үйлесімді тәрбие мен оқыту берілген жағдайда ғана ол бастауыш сыныпта да, одан кейінгі өмір жолында да табысты бола алады.

Замира ХАЛИЛАЕВА,

МКҚК  «Дана»  бөбекжай-бақшасы меңгерушісінің м.у.а.

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖӘНЕ БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУДІҢ САБАҚТАСТЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған