Мектепке дейінгі ұйымдардағы тамақтандыру жүйесі балалардың денсаулығын нығайтып, олардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағыттың бірі болып табылады. Балалардың ағзасы қарқынды дамып жатқан кезеңде сапалы, құнарлы және жас ерекшелігіне сай әзірленген тағаммен қамтамасыз ету – балабақша жұмысының басты міндеттерінің қатарына жатады. Сондықтан тамақтандыруды дұрыс ұйымдастыру, санитарлық талаптарды сақтау және тұрақты бақылауды жүзеге асыру – мектепке дейінгі ұйымдардағы қауіпсіздік пен сапаның негізгі көрсеткіші.

Тамақтандыру балалардың жас ерекшелігіне, тәуліктік қажеттілігіне және маусымдық өзгерістерге сәйкес жүргізіледі. Әрбір тағам рационы баланың ағзасына қажетті белок, май, көмірсу, витаминдер мен минералдардың жеткілікті мөлшерде болуын қамтамасыз етуі тиіс. Ас мәзірінде тағамдардың әртүрлілігі сақталып, маусымға байланысты көкөністер мен жемістер пайдаланылуы, табиғи өнімдердің үлесі жоғары болуы – дені сау ұрпақ тәрбиелеудің маңызды талабы. Бұл балалардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырып, тәбетін ашуға, ас қорыту жүйесінің сау дамуына ықпал етеді.

Тамақтандыруды ұйымдастыру барысында санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау ерекше маңызға ие. Асхана, қойма, тағам дайындау бөлмелері санитарлық нормаларға сәйкес жабдықталып, азық-түліктің жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары мен тасымалдау ережелері мұқият қадағаланады. Тағам дайындауға жауапты қызметкерлер медициналық тексеруден тұрақты түрде өтіп, арнайы жұмыс киімін киюі және жеке бас гигиенасын сақтау талаптарын орындауы қажет. Бұл тағамның қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болып табылады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда тамақ сапасына қатысты күнделікті ішкі бақылау жүргізіледі. Бақылауға мекеме басшылығы, медицина қызметкері және жауапты мамандар қатысады. Олар тағамның әзірлену процесін, порция көлемін, мәзірге сәйкестігін, асханадағы санитарлық жағдайды тексереді. Сонымен қатар, дайын тағамның сапасы бойынша таңғы ас, түскі және бесіндік ас алдында арнайы «бракераж» журналы толтырылып, тағамның дәмі, иісі, түсі, консистенциясы бағаланады. Бұл балаларға берілетін әрбір тағамның сапалы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді.

Тамақтандыруды бақылаудың сыртқы түрін санитарлық эпидемиологиялық қызмет, білім басқармалары және тиісті құрылымдар жүргізеді. Мұндай тексерістер тамақтандыру жүйесінің сапасын арттыруға, кемшіліктердің алдын алуға және ұйым жұмысын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, ата-аналар қоғамдастығы тарапынан қоғамдық бақылау жүргізу тәжірибесі де кеңейіп келеді. Бұл ашықтықты арттырып, ата-аналардың сенімін күшейтеді.

Қорытындылай келе, мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтандыруды тиімді ұйымдастыру – балалардың денсаулығы мен дамуының негізгі кепілі. Тамақтандыру жүйесі дұрыс жолға қойылып, санитарлық талаптар қатаң сақталған жағдайда ғана баланың денсаулығын нығайтуға, дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыруға және болашақ ұрпақтың сапалы өсіп-жетілуіне мүмкіндік туады.

Нурлыгуль НАЛИБАЕВА,

«Ақ көгершін»  бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны меңгерушінің міндетін уақытша атқарушы.

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРДА ТАМАҚТАНДЫРУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған