
Мектеп жасына дейінгі кезең (3–6 жас) – баланың тұлғалық, эмоциялық, танымдық және әлеуметтік дамуы қарқынды жүретін аса маңызды уақыт. Бұл кезеңде баланың болашақта мектепке бейімделуі мен өмірлік дағдыларының іргетасы қаланады.
- Танымдық даму
Бұл жаста балалардың қабылдау, есте сақтау, ойлау және қиял процестері белсенді дамиды. Балалар қоршаған ортаны ойын арқылы таниды. Заттардың түсін, пішінін, көлемін ажыратып, салыстыра бастайды. Сұрақ қоюға құмар болып, «неге?», «қалай?» деген сауалдар арқылы әлемді түсінуге талпынады. - Сөйлеу дамуы
Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қоры айтарлықтай кеңейеді. Олар өз ойын еркін жеткізуге, қысқа әңгіме құрастыруға үйренеді. Сөйлеу мәдениетінің қалыптасуында тәрбиеші мен ата-ананың үлгісі өте маңызды. - Эмоциялық даму
Бұл кезеңде балалардың сезімдері айқын көрінеді. Қуану, ренжу, қорқу, қызғану сияқты эмоцияларды бастан кешіреді. Өз эмоцияларын басқаруды біртіндеп үйренеді. Тәрбиешінің жылы қарым-қатынасы мен қолдауы баланың өзіне деген сенімділігін арттырады. - Әлеуметтік даму
Балалар қатарластарымен қарым-қатынас жасауға, ойын ережелерін сақтауға, бір-бірімен келісуге үйренеді. Ұжымда өзін ұстау, достық қарым-қатынас орнату осы жаста қалыптасады. Бұл – болашақтағы әлеуметтік бейімделудің негізі. - Мінез-құлық және ерік-жігер
Мектеп жасына дейінгі балаларда мінез-құлықтың алғашқы белгілері қалыптасады. Тапсырманы орындау, басталған істі аяқтау, тәртіп сақтау дағдылары дамиды. Ерік-жігері әлі толық қалыптаспаса да, дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы оны нығайтуға болады.
Қорыта айтсақ, мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық дамуы – кешенді әрі нәзік процесс. Әр бала – жеке тұлға, сондықтан оның даму ерекшелігін ескере отырып, мейірім мен түсіністікке негізделген тәрбие беру маңызды. Ойын, қарым-қатынас және жағымды орта баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді.
Жаңбырбай Балжан Әзімханқызы,
«Қаламқас әже» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі.
Мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық даму ерекшеліктері
