«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында аудандық мәслихат төрағаларының есеп беру жиыны өтті. Бұл жиын — өкілді органдардың жұмысын жария ету, халықпен кері байланыс орнату және саяси мәдениетті жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Кездесу барысында Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Алмасбекұлы Қасымов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ауданда атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өз сөзінде Медет Қасымов мәслихаттың ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жыл басынан бері аудандық мәслихаттың 6 сессиясы өткізіліп, 44 шешім қабылданған. Сонымен қатар, депутаттар жергілікті атқарушы органдарға 80 депутаттық сауал жолдап, оның 95 пайызы орындалған. Аудандық мәслихат аппаратына түскен 59 азаматтық өтініш заң талаптарына сәйкес қаралып, барлығына уақытылы жауап берілген.
– «AMANAT» партиясының аудандық филиалымен бірлесе отырып, бастауыш партия ұйымдарында 67 кездесу өткіздік. Онда партияның жобалары мен бағдарламалары талқыланып, жергілікті мәселелер бойынша пікір алмасулар ұйымдастырылды, – деді Медет Алмасбекұлы.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясына және түрлі қоғамдық, қайырымдылық шараларға белсенді түрде атсалысып келеді.
Жыл басынан бері партия мүшелігіндегі 20 депутат жоспарға сәйкес 61 қоғамдық қабылдау өткізіп, 212 азаматтың мәселелерінің оң шешілуіне ықпал жасаған.
Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері аудандағы өзекті тақырыптарға — сапалы ауыз су мен ағын су тапшылығының алдын алу, егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту, тік дренажды ұңғымаларды іске қосу, сондай-ақ шикізатты терең өңдеу кәсіпорындарын ашу және жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды.
Медет Қасымов бұл бағыттарда жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, «Халық қалаулылары көтерген әрбір бастама — ел игілігі үшін» екенін ерекше атап өтті.
Бекет ақпарат.
