Мақтаарал ауданы әкімі аппаратында аудан тұрғындарының басты табыс көздерінің бірінен саналатын – мақта терім науқанын сапалы әрі дер уақытында ұйымдастыру мәселесі бойынша арнайы жиын өтті.
Аудан басшысы Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен осы жиынға – аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен мамандары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері және мақта өңдеу зауыттарының басшылары қатысты.
Ағымдағы жылы ауданымызда жалпы 60,6 мың гектар егістік жерге түрлі дақылдар егілген болса, оның 33,6 мың гектарына мақта шиті себілген болатын. Қазіргі таңда диқандарымыз мақтаға қажетті агротехникалық шараларды толығымен дерлік аяқтап, дефоляция жұмыстарын жүргізіп, мақта жинау науқанын бастағалы отыр.
Жиынды аша отырып, аудан басшысы: «Аудан бойынша қазіргі таңда 350 гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Шаруаларға түсіндіру жмұыстарын жүргізіп, бұл жұмыстарды тездету керек. Мақта жинау техникалары, мақта зауыттары мен мақта қабылдау бекеттері науқанға толық дайын тұр. Күзгі жиын-терім науқанын сәтті өткізу – бәріміздің ортақ міндетіміз!» – деп қарамағындағыларға қажетті тапсырмалар берді.
Сонымен қатар осы жиын барысында мақта қабылдау бекеттеріндегі таразы, лаборатория мәселелері, шаруалармен келісім-шарттарды рәсімдеу және мақта теріміне қатысатын комбайндардың мәселесі, жалпы жиын-терімге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Бүгінгі таңда, аудан аумағында мақта өңдейтін 7 зауыт және 55-ке жуық мақта қабылдау бекеттері шаруаларға қызмет көрсету үшін жиын-терім науқанына толық дайын. Сонымен қатар, аудан бойынша мақта теріміне 700-ден астам доңғалақты трактор, 900-ге жуық тіркеме және 200-ден астам мақта терім машинасы қатысады деп жобаланып отыр. Бұларға қосымша күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай шаруаларға таратылса, мақта терім науқанына дайындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілген. Осының арқасында мақтаны машиналық әдіспен теруді 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.