Бүгін еліміз үшін тарихи күн десек те болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №636 Жарлығына сәйкес, ел тұрғындары, мемлекетімізде АЭС салу мәселесі бойынша жаппай референдумге қатысып, өз таңдауларын жасауда.
Таңғы сағат 07.00-де Мақтаарал ауданында орналасқан барлық сайлау учаскелерінде еліміздің Әнұраны шырқалып, сайлаушылар үшін есіктері айқара ашылды.
Жалпы аудан бойынша 62 референдум учаскесі ашылып, 1 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істеуде. Оларда сайлау комиссиясының жалпы 401 мүшесі жұмыс атқаруда. Осы 62 референдум учаскесінің 3-уі жабық. Бұл жабық сайлау учаскелерінің 2-еуі – Атакент, Мырзакент аудандық ауруханаларында орналасса, 3-шісі №2037 әскери бөлімінде орналасқан.
Ауданда 69 940 референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тіркелсе, барлық учаскелік референдум комиссиялары интернет, байланыс телефоны, бақылау камералармен, қосымша электр көздерімен және арнайы басқа да құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау үшін 61 сайлау учаскелері арнайы кабиналармен, тактилдік көрсеткіштермен, арнайы бұрыштармен, мониторлы компьютермен, құлақаспаптармен, ұлғайтқыштармен, тұтқалармен және пандустармен толық жабдықталған. Сонымен бірге, 11 сурдо-тифло аудармашы, 3 инватакси тасымалдау қызметімен, 4 әлеуметтік таксилерімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, аудандағы мүгедектігі бар, көзі көрмейтін зағип азаматтар үшін барлық референдум учаскесіне бағыттаушы тактилді жолақ орнатылған. Сондай-ақ, интерактивті қолжетімді картасына мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы жерлер көрсетілген ақпараттары бар электронды картаға референдум учаскесі толық енгізілген.
Бұлардан бөлек, аудан көлемінде дауыс берушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарламалар қойылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылған. Патриоттық тақырыпта әндер айтылып, ұлттық билерімізді билеп, түрлі ойындар ойнатылуда. Сондай-ақ, футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, дойбы т.б. спорттың түрлерінен жарыстар өтуде. Референдумның мерекелік деңгейде өтуіне өнерпаздар мен спортшылардан бөлек, ақ жаулықты әжелер, көп балалы аналар мен жас келіндер де атсалысуда. Аталған топтар ұлттық нақыштағы киімдер киіп, шашу шашып, түрлі дәмді тағамдарды сайлаушыларға ұсынуда.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов та Мырзакент кентінде орналасқан №890 референдум учаскесіне барып өз таңдауын жасады. Аудан басшысы АЭС салу мәселесі еліміз үшін маңызды екенін, бұл мәселені барлық ел азаматтарының дауыс беру арқылы шешуі – үлкен тарихи сәт екенін жеткізді. Сондықтан, ауданның әрбір азаматын дұрыс таңдау жасауға, жалпы саяси науқанға белсене қатысуға шақырды.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасарлары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, аудандық дербес бөлімдердің басшылары алғашқылардың бірі болып өз таңдауларын жасады.
Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков бұл саяси науқан еліміз үшін аса маңызды екенін атап өтіп, тұрғындар референдумға белсене қатысу керектігін жеткізіп, «АЭС салу бойынша бүкілхалықтың Референдум – ел тарихының жаңа парақшасын ашып, мемлекетіміздің жаңа болашаққа қадам тастауға таңдау береді. Біз әрбіріміз өзіміздің конституциялық құқығымызды, азаматтық міндетімізді іске салу арқылы ғана әділетті, дамыған мемлекет құра аламыз. Сондықтан, бұл саяси науқанға аудан тұрғындарын белсене қатысуға шақырамын!» – деді.
Мырзакент кентінің тұрғыны, №381 сайлау учаскесінде 75 жастан асқан қария өз таңдауын жасап, ел жастарына батасын берді.«Елімізде болып жатқан өте маңызды саяси науқанға бей-жай қарамай, өз таңдауымды жасадым. Себебі, әр азаматтың дауысы – маңызды. Жаңа Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі айтулы шара ел болашағына әсер ететін маңызды шешім, барша азамат өз таңдауын жасауы маңызды қадам. Тәуелсіз еліміздің болашағы дегенде барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз керек. Менің жасым 75-те болса да ешқашан сайлаудан тыс қалған емеспін, сайлауға әр азаматтың баруы міндетті деп есептеймін. Еліміз тыныш, бала-шағамыз аман болып, Қазақстанымыз көркейе берсін» – деді ол.
Ал, Мырзакент кентінде орналасқан №381 Референдум учаскесінде аудан прокуроры Айтболат Досаев пен аудан прокуратурасының ұжымы алғашқылардың бірі болып дауыс беріп, сый-сияпаттарға ие болды. «Атом энергиясын пайдаланудың арқасында экономикамызды гүлдендіріп, инновациялық жобаларды көбейте аламыз. Еліміздің электр энергиясына деген сұранысы реттеліп, халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сондай-ақ, уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылығын көбейте түседі. Осы саланың мамандары АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз екенін айтуда. Сондықтан, мен АЭС салуды қолдаймын!» – деді, ауданның бас прокуроры.
Жабық референдум учаскесі орналасқан – «Атакент» аудандық ауруханасында орналасқан №435 учаскесіне осы ауруханада ем алып жатқан науқастар да бүгінгі саяси науқанға белсене қатысып, өз таңдауларын жасауда. Олар еліміздің болашағы үшін АЭС салудың маңызды екенін жақсы түсінетіндерін жеткізді.
Айта кетерлігі – ҚР Конституциясының 33-бабында Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік берілген. Сол құқық негізінде осы жалпыұлттық референдум негізінде халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе? деген мәселені шешетін болады.
МАҚТААРАЛДЫҚТАР АЭС-КЕ ҚАТЫСТЫ ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАУДА