Білім беру ұйымдарында дене шынықтыру пәні оқушылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қозғалыс дағдыларын дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы бағытта өткізілген «Қауіпсіздік ережесі. Қысқа қашықтыққа жүгіру – 30 м» тақырыбындағы сабақтың негізгі мақсаты – оқушыларды қысқа қашықтыққа жүгіру техникасымен таныстырып, қауіпсіздік талаптарын дұрыс орындауға үйрету.

Сабақ басында оқушылар сапқа тұрғызылып, «Шаттық шеңбері» арқылы жағымды атмосфера қалыптастырылды. Мұғалім жылы сөздер жазылған смайликтер таратып, оқушылардың бір-біріне жақсы көңіл сыйлауына мүмкіндік жасады. Бұдан кейін жалпы дамыту жаттығулары жүргізіліп, оқушылардың денесі қыздырылды. Оңға-солға бұрылу, әртүрлі тәсілмен жүру және жүгіру жаттығулары сабақтың басталу бөлігін мазмұнды етті.
Жаңа тақырыпты түсіндіру барысында педагог қауіпсіздік ережелеріне ерекше назар аударды. Жүгіру кезінде денені дұрыс ұстау, қол мен аяқтың үйлесімді қимылдауы, тыныс алуды реттеу туралы ақпарат берілді. Мұғалім қысқа қашықтыққа жүгірудің негізгі кезеңдері – «Сөреге», «Дайындал», «Жүгір» бұйрықтарын орындау техникасын тәжірибе арқылы көрсетті.
Сабақтың негізгі бөлімінде оқушылар 30 метрге жүгіруді орындап, уақыт өлшеу арқылы өз нәтижелерін бақылады. Төменгі сөреден шығу тәсілі жан-жақты түсіндіріліп, әр оқушы техниканы жеке қайталап көрді. Оқушылардың шапшаңдық, ептілік, төзімділік және батылдық қасиеттерін дамыту – сабақтың басты міндеттерінің бірі болды.
Сабақ соңында оқушыларға талқылау сұрақтары ұсынылып, жүгірудің кезеңдері, қауіпсіздік талаптары және денсаулыққа әсері туралы пікір алмасты. «Басбармақ» әдісі арқылы өзара бағалау жүргізіліп, оқушылар стикерге сабақтан алған әсерлері мен түсінбеген тұстарын жазып, кері байланыс қалдырды.
Бұл сабақ оқушыларға қысқа қашықтыққа жүгіру дағдысын қалыптастыруға ғана емес, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйретуге бағытталды. Мұндай тәжірибелік жұмыс олардың дене дайындығын арттырып, қозғалыс мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.
Джиенбаев Батир Бекбаевич,
«Н.Исмайлов атындағы №45 жалпы білім беретін мектеп»коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі.
