8 «ә» сыныбында «Квадраттық функция және оның графигі» тақырыбында сабақ өткіздім. Сабақтың негізгі мақсаты – (a ≠ 0) түріндегі квадраттық функцияның қасиеттерін анықтау, оның төбесін, симметрия осін, ашылу бағытын, нөлдерін табу және графигін салу дағдыларын қалыптастыру болды. Сабақ барысында оқушылардың математикалық сауаттылығын дамыту ғана емес, сонымен қатар Жасампаздық пен Жаңашылдық құндылықтарын бойларына сіңіру көзделді.

Сабақтың басында оқушылар арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру мақсатында «Сөйлемді жалғастыр» әдісі қолданылды. Оқушылар жасанды интеллект көмегімен ұсынылған бейнематериалды тамашалап, «Жаңа ой тапқанда мен…», «Болашақта мен ойлап табатын зат…», «Жаңашыл адам әрқашан…» сияқты сөйлемдерді жалғастыру арқылы өз ойларын еркін жеткізді. Бұл кезеңде олар бір-біріне қолдау көрсетіп, «Шапалақ» әдісі арқылы өзара бағалау жүргізді. Мұндай жұмыс түрі оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырды.

Сабақтың келесі бөлімінде квадраттық функцияның жалпы түрі мен оның графигі – парабола екені еске түсірілді. Оқушылар коэффициент a-ның таңбасына байланысты параболаның жоғары немесе төмен ашылатынын, |a| мәніне қарай тарылатынын немесе кеңейетінін талқылады. Сонымен қатар симметрия осін, төбесінің координаталарын табу формулалары, дискриминант және квадрат теңдеудің түбірлерін анықтау жолдары қайталанды. Теориялық білімді бекіту барысында мадақтау сөздері қолданылып, оқушылардың белсенділігі қолдау тапты.

Сабақтың негізгі бөлігінде оқушылар бірнеше практикалық тапсырмалар орындады. Берілген квадраттық функциялардың коэффициенттерін анықтап, түбірлері мен төбесін тауып, график қасиеттерін сипаттады. Think–Pair–Share әдісі арқылы алдымен жеке ойланып, кейін жұппен талқылап, сынып алдында қорытындыларын ұсынды. Жұптық тексеру, «Бағдаршам» әдісі және өзін-өзі бағалау тәсілдері оқушылардың жауапкершілігін арттырып, өз білімдерін саралауға мүмкіндік берді.

Кейінгі тапсырмаларда оқушылар функцияларды көбейткіштерге жіктеп, нөлдерін анықтады, таңба аралықтарын талдап, графиктің пішінін сипаттады. «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі арқылы бір-бірінің жұмысына кері байланыс беріп, күшті тұстарын атап өтіп, жақсартуға ұсыныстар жасады. Мини-тақта әдісі барлық оқушының бір уақытта жауап беруіне мүмкіндік жасап, сабақтың қарқынын сақтауға ықпал етті.

Сабақ барысында жасанды интеллект құралдары қолданылып, бейнероликтер мен презентациялар ұсынылды, кері байланыс цифрлық форматта жиналды. Бұл тәсілдер оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың цифрлық сауаттылығын дамытуға да оң әсер етті.

Сабақ соңында оқушылар «Түсіндім», «Сұрақтарым бар», «Түсінбедім» форматында кері байланыс беріп, өз деңгейлерін бағалады. Жинаған ұпайларына сәйкес бағаланып, үй тапсырмасы берілді. Кері байланыс нәтижесінде оқушылардың басым бөлігі тақырыпты жақсы меңгергені байқалды, ал кейбір оқушылармен қосымша жұмыс жүргізу жоспарланды.

Бұл сабақ оқушылардың квадраттық функция тақырыбын терең түсінуіне, графикпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуына және логикалық ойлау қабілеттерін арттыруға мүмкіндік берді. Заманауи әдістер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану оқу үдерісін жандандырып, оқушылардың белсенділігін арттырды. Алдағы уақытта да осындай инновациялық тәсілдерді жүйелі қолдану арқылы сапалы білім беруді жалғастыруды мақсат етемін.

Самбетова Жанна Нұрланқызы,

«Қазыбек би» атындағы №67 ЖББМ  математика пәні мұғалімі.

Түркістан облысы. Жетісай ауданы.

«КВАДРАТТЫҚ ФУНКЦИЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ГРАФИГІ»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған