Шараның мақсаты мен міндеті: жазушының өмір жолы мен шығармашылығы туралы мағлұмат бере отырып, шығармашылық белсенділік шыңдау, өздігінен білім алуға баулу, Б.Соқпақбаевтың кітаптарын белсене оқуға баулу, оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, көркем әдебиет оқу арқылы сауатты болуға тәрбиелеу

Әдістер: ой шақыру, сұрақ-жауап, бес жолды өлең, авторға хат т.б.

Көрнекілік: интербелсенді тақта, слайдтар, кітаптар көрмесі, жазылған нақыл сөздер, мақалдар

Барысы:

1.Ұйымдастыру (оқушылардың бір-біріне жақсы тілек, лебіздерін білдіру)

2.Мұғалімнің сөзі:   (интербелсенді тақта арқылы слайдпен таныстыру)     «Бір ел – бір кітап» акциясын өткізуді 2007 жылдан бастап  дәстүрге  айналдырған.  Кітап – ақылшы дос, асыл қазына. Кітап жайында қандай теңеу айтсаң да артық етпес. Кітап арқылы оқушылардың шабыттанатыны да рас. Осыған орай, «Бір аймақ – бір кітап» облыстық акциясы жоспарланған.

Акция    ұстанымы:  «Мен де оқимын, сен де  оқисың, Қарағанды  өңірінің   бәрі де  оқиды». Осы  акция  аясында  5-7 сыныптар  жазушы  Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесін оқыды.Бүгін сол кітаптың авторы, шығармашылығы,повесі жайлы ой қозғаймыз, талдаймыз.

Әдеби   қонақжай  3  бөлімнен  тұрады:

1-бөлім. «Жазушы келбеті» (жазушының өмірі,шығармаларымен таныстыру,сұрақтарға жауап беру, слайдпен жұмыс)

            Балалар әдебиетінің бәйтерегі      –      Б.Соқпақбаев

Бердібек Соқпақбаев (13.10.1924 жылы туған, Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қостобе ауылы) — қазақ жазушысы.  Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген соң (1949) Нарынқол ауданында мұғалім болды. Жұлдыз», «Балдырған» журналында, Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызмет атқарды (1952-70). «Бұлақ» (1950) өлеңдер жинағы, «Он алты жасар чемпион» (1951), «Бақыт жолы» (1952), «Алыстағы ауылда» (1953), «Балалықшаққа саяхат», «Дала жұлдызы» (1960), «Аяжан» (1963, орыс тілінде 1965), «Гауһар» (1966) повестерін жазды. Менің атым Қожа повестсі» (1957) кітабы балалардың сүйіп оқитын шығармасына айналып, орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылды. 1963 жылы «Қазақфильм» студиясы сол кітап бойынша жазылған киносценарийді экранға шығарды. »   «Балалық шаққа саяхат» атты повесі бойынша жазылған киносценарийі де фильмғе түсірілді (1965). «Менің атым Қожа» фильмі француздың Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде (1967) арнайы сыйлыққа ие болды  Б.Соқпақбаев «Бозтөбеде бір қыз бар» (1958), «Әпенденің айласы» (1960), «Менің атым Қожа» (1967) т. б. драмалық шығармалар жазды.   Б.Соқпақбаевтың қырқыншы жылдардағы жастар өмірінен жазған «Өлгендер қайтып келмейді» романы (1940-1974) орыс тіліне аударылып басылды (1969). Туындылары
«Он алты жасар чемпион» (1951),
«Бақыт жолы» (1952), «Алыстағы ауылда» (1953),
«Менің атым Қожа» (1957)
«Балалықшаққа саяхат», «Дала жұлдызы» (1960),
«Аяжан» (1963, орыс тілінде 1965),
«Гауһар» (1966)
2-бөлім. «Жүйрік көңіл» (  «Балалық шаққа саяхат» атты повесі бойынша талдау, сұрақтарға жауап беру)

Жауқазын: «Балалық шаққа саяхат» атты кітабын 1960 жылы шығарған.1965 жылы повесть бойынша жазылған киносценарийіне фильм түсірілген.   

      Кітап Бердібек атамыздың балалық шағы жайында.Сол кездегі оқиғалар. Кітапты оқи отырып, көзіңе жас алатын кездер де болады. Себебі, бастан өткерген қиындықтары тым қатты.Күніне тек құр қара талқанды ғана жеп өсу, ата-анадан жырақта жұмыс істеу.8 жастағы баланың ауыр жұмыс істеуі.Бұның бəрі қай оқырманның болса да жүрегін елжіретері анық.Қанша қиын болса да, оның қамықпағаны адамды жігірлендіргенімен қоса қуанта түседі. Оқуда да үздік, ынталы болды.Ағасының жолын қуып ол да мұғалім болды.Осы жолға түсуінің бірден-бір себебі осы Сатылған ағасы болды.     

Жақсылық:  Кітап ішінде 50-ге жуық əңгіме бар. Əрқайсысының өзі     ерекше. Жазушының қарапайым тілмен-ақ əдемі жеткізуі қатты ұнады. Алдағы уақытта Бердібек атаның  басқа да кітабын оқу ойда бар. Сіздерге де оқуға кеңес беремін.

Досымжан:  Бұл шығарманың басты кейіпкері –Бердібек. Қызығы мен қуанышы,қайғысы қатар өрілген балалық шағын еш өзгеріссіз қағаз бетіне түсірген. Апасының мойнына асылып жүрген кездері. Жалаң аяқ ауылдың ыстық топырағын басып, қара кешке дейін еш нәрсе сезбей ойнаған күндері. Балалық махаббаты…

Мұғалімнің  сөзі:  «Шешем жайлы» тарауында жазушы былай дейді:

«Әкемді алсаң ,ал құдай, шешемді қой

Шекпен тоқып берсе де, өлмеймін ғой»,-деп әзіл аралас шындықты жайып салады.Сонымен қатар ана қасиетін,ана қадірін,ана құрметін анық көрсетеді.Анасынан айырылып  қалғаны Бердібекке өте ауыр соққы болады.      (оқушылар ана жайлы ойларын айтады)

Кітап жайлы мынадай сұрақтарға жауап берейік:

1.Әңгіме кімнің атынан баяндалады?

2.Баланың қандай қылықтары суреттелген?

3.Бала қашан , кімге  алданады?

4.Ауылға кімдер келеді және ауыл неге әбігер болады ?

5.Баланы табиғаттың қандай жақтары қызықтырады?

6. Төте оқу дегеніміз не?

7.Әңгіме неге балалық шақ деп аталады?

Оқушылар өздерінің ойларын айтып, сұрақтарға жүйелі жауап беріп, шығарманың мазмұнына талдау жасады.

  «Балалық шаққа саяхат» повесінің  желісі бойынша, «Мынау кімнің сөзі?», «Бұл кім?» мінездемелік тақырыбындағы сауалнамаларына жауап іздеді, жауап берді.

1.Текес, сен мені балығыңмен асыраған, шынықтырған анам болсаң және бір мені осы жарық дүниеге алып келген анам үйде хал үстінде. Ол-дағы өзің секілді аяулым, қимасым еді. Сол асыл анам бұл дүниенің тізімінен сызылуға жақын жатқан секілді. Осы бір мен үшін тіл жетпес ауыр кезеңді мен оның шырағы жалп етіп сөнген шағын көзбен көріп, шыдай алар емеспін…     (Бердібек, «Балалық шаққа саяхат») 

 2. …Құдай жолыңды түсіріп, келіп қалған екенсің. Тай мінгізіп жіберер ек, шама жоқ. Тым құрса, жейде киіп кет. Ана жылы Сарыбастауда оқып жүргеніңде ашумен үстіңнен қара шапанды сыпырып алған едім. Қайтейін, қу жоқшылық адамға не істетпейді? ….Құдай қосса, әлі-ақ адам боласың. Адам болды деген міне, осы… (Әлиман, «Балалық шаққа саяхат») 

3. …О, жалған! Біреуден бір нәрсе сұрап телміруден өткен жаман не бар екен! Жігерім құм болып амалсыз бара жатырмын. Қолымдағы сүт сұрауға арналған ыдысымды көрсетпей тығып алам… (Бердібек, «Балалық шаққа саяхат») 

4. …Ыдырыс, тағы да сен бе? Тұншықтырып өлтірдің ғой сығыр құдай. Қақтамай, қоя тұршы. Жатар кезде жайсаң да кебеді ғой. Тым болмаса, пешке тақамай, әрірек жай… (Әсбет, «Балалық шаққа саяхат») 

5.Қайран, жеңгем! Үй ішін дәл сендей ретті, таза ұстайтын адам бар ма екен? Осындағы кез – келген заттан, төсектің, жүктің жиналуынан мен сенің өнерлі, бипаз қолыңды ап-анық танимвн… (Әлиман, «Балалық шақа саяхат») 

 6. …Қыз кезінде көрікті болыпты. Орта бойлы, қыр мұрын, қызыл шырайлының әдемісі болғанға ұқсайды. Ал мен ес білгелі ол науқасшаң. Ауру мен жоқшылық қоса қабаттасып құр сүлдері қалған. Отырса, тұрса, аузынан ойбайы түспейді. Соған қарамастан күні кешке қыбыр-қыбыр қимылдаумен болады. Жоқты бар етіп түтін түтетеді (Әсбет, Балалық шаққа саяхат).

7….Үйдегі әйелге тән жұмыстың бәрін де, Зәуре жоқта сол тындырады. Ертеден қара кешке тыным алғанды білмейді. Табиғат оны жасаған кезде мәз болып, күліп отырса керек. Ол-жомарт табиғаттың аузынан жаз күніндей жайраңдап түсе қалған. Салдырлаған ақ көңіл ашық адам. Көрген-білгенін айтып сап, қарап отырады. (Бөпке әже, «Балалық шаққа саяхат») 

Ақнұрдың сөзі:  Автор жетімдіктің ащы дәмін татқаннан соң келер ұрпаққа мынадай ақыл-кеңес береді: «Балалар, жас достарым!Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің басында кездесуі мүмкін.Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық сөздерді айтпаңдар.Ұр, соқ, төбелес.Ал бірақ әлгіндей деп тілдеме… Аяңдар!»

3-бөлім. Шығармашылық алаң (бес жолды өлең жазу, «Авторға

1-оқушы:    Ана

Ойлайды     өсіреді

Көрікті    ақылды   сыпайы

Баласының қамын ойлап жүреді

       Қамқоршы

2-оқушы:  «Авторға  хат»

       Сәлеметсіз бе, Бердібек ата

Біз сіздің шығармаңызды сүйіп оқыдық, оқимыз да. Шығармада  сіздің өміріңіз, балалық шағыңыз баяндалған. Сіз көп қиыншылықты бастан кешіріпсіз. Бойыңыздағы қайраттылыққа тәнті болдық. Сіздей болу кез келген қазақ баласының қолынан келе бермейді.

Қорытынды.  Оқушының сөзі:  

Біздің шығармадан түйгеніміз:    1. Ананы қадірлеу,құрметтеу

2.Қиындықты жеңе білу , төзе білу

3. Жетімдердерге қамқорлық көрсету

4. Алға қойған мақсатыңа жету

Мұғалімнің қорытынды сөзі:   Аса көрнекті қаламгер Бердібек Сокпақбаевтың қай шығармасына үңілсеңіз де, адам болсам деген үлкен арманы бар, асқар таудай биік мақсат-мұраты бар балғын кейіпкерлердің тағдыр талқысында талай қиыншылықтарды бастан кешіп барып есейіп,ер жеткен, шындалып қалыптасқан қайсарлығына тәнті боламыз. Қай шығарманы болсын түсіне оқуымыз керек, кітапты қызыға оқиық. (тақтадағы нақыл сөздерге назар аудару)

1.Кітап – алтын   қазына. 2. Кітап -ғалым,  тілсіз   мұғалім . 3.Кітап – оқығандікі, білім –тоқығандікі  т.б. Ендеше кітапты көп оқиық, тәлім-тәрбие алайық.

Оқушылар белсенділік көрсете отырып,ойларын айтты, барлық сауалнамаларға жауап берді. Әдеби қонақжайдың соңы оқушылардың орындауында «Балалық шаққа саяхат»  өлеңімен аяқталды.

Мамбетова Карлығаш Шораевна,

 «І.Есенберлин атындағы №54 жалпы білім беретін мектеп» КММ бастауыш сынып мұғалімі. 

 «КӨРІКТІ ОЙ, КӨРКЕМ ТІЛ» АТТЫ ӘДЕБИ ҚОНАҚЖАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған