Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында тұрғындар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру, сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен қамтылып, «көгілдір отын» пайдаланушылардың пайыздық үлесі 57,1 пайызды құрап отыр.

2024 жылдың басынан бері аудандағы 29 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден жалпы 3,4 млрд теңге қаржы қаралған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жұмыс сапарында Қызылқұм ауылдық округіне қарасты, Қарасақал елді мекенінің тұрғындарын газбен қамтитын құбырды пайдалануға беру рәсіміне қатысып, тұрғындарды құттықтады. Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген Қарасақал елді мекенінің тұрғындары енді «көгілдір отынды» пайдаланады. Жалпы сметалық құны 647,4 млн теңгені құрайтын газ құбырының ұзындығы 23,659 шақырым. Тұтынушы абонент саны – 95, тұрғындар саны 500-ден асады.

Осы аталған магистралды газ құбыры бойында орналасқан 10 елді мекеннің де құрылысы аяқталып, 1216 абонент табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Алдағы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Ж.Ералиев ауылдық округінің Абай, Абай ауылдық округінің Халықтар достығы, Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс, Әбдіхалық, Мырзашөл елді мекендеріне газ берілмек. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, атқарушы техникалық құжаттамалары рәсімделуде.

Тиісті сала мамандары Жетісай ауданында жыл соңына газдандыру деңгейінің 70,4 пайызға жететінін, ал, 2027 жылы бұл көрсеткіштің 100 пайыз болатынын айтады.

Осы жерде айта кетерлігі облысымыз бойынша соңғы екі жылда 187 мың тұрғын немесе 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылды. Соның арқасында «көгілдір отынмен» қамтылған тұрғындардың жалпы саны 1 млн. 820 мыңға немесе 84,9 пайызға жетті (557 елді мекен).

«КӨГІЛДІР ОТЫН» ПАЙДАЛАНУШЫЛАРДЫҢ ҮЛЕСІ 57,1 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған