Ордабасы ауданында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіштің қоғамдық қабылдауы өтті. Кездесуге алдын ала жазылған үш азамат Кемер ауылынан келіп, ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерін ортаға салды.

Ауыл тұрғыны Бахарам Мұхаммеджан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 220 гектар егістік жерге сапасыз ұңғыма қазылғанын айтты. Оның сөзінше, ұңғымадан су шықпай, егіс алқаптарын суару ісі қиындап кеткен. Бұл жағдай шаруалардың өнім алуына және ауылдың экономикалық ахуалына тікелей әсер етуде.

Ал Жақсылық Полат Мұхтарұлы өз қаражатына ұңғыма қаздырып, енді оны электр желісіне қосу үшін қолдау қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, инфрақұрылымның жоқтығы жеке бастамамен істелген жұмыстың нәтижесін толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.

Сондай-ақ Арыслан Берікбайұлы ауыл шаруашылығына арналған жерге қосымша жаңа ұңғыма салуға мемлекет тарапынан қолдау болса деген өтінішін білдірді. Ол Кемер ауылындағы шаруалардың басты мәселесі – су көзі екенін айтып, ұжымдық шешім қажет екенін атап өтті.

Кездесу барысында депутат көтерілген мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, алдағы аптада аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Мейрамбек Ақмұратовпен бірге Кемер ауылына барып, жағдайды жер басында зерделеуге уағдаласты. Сондай-ақ, бұл бағытта «ҚазСуШар» мекемесінің облыстық филиалының мамандары да шақырылып, нақты шешу жолдары қарастырылмақ.

– Халықтың ұсынысы мен өтініші – әрқашан назарда. Мақсатымыз – мәселені жергілікті жерде қарап, тиімді шешімге қол жеткізу, – деді депутат Дулат Әбіш.

Аталған қоғамдық қабылдау барысында тұрғындардың басқа да өтініш-ұсыныстары тыңдалып, тиісті мекемелерге жолданатын болды.

Бұл бастама – жергілікті билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, ауылдағы түйткілді мәселелердің уақтылы шешілуіне жол ашпақ.

Қоғамдық қабылдаудағы шаруалардың мәселесі назарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған