Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудан тұрғындарын жеке және қоғамдық мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға аудан басшысымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен қала, ауылдық округ әкімдері, тиісті сала мамандары қатысты. Өзекті мәселелермен аудан әкімінің алдына келген тұрғындардың басым бөлігінде – тұрғын үй алу және оның кезегі, жарықтандыру мен ауыз су, газдандыру, елдімекен ішіндегі тік дренажды ұңғымаларды іске қосу, санитарлық тазалық секілді мәселелер болды.
Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған өтініштері бойынша заң аясында кеңестер беріп, мәселені шешу жолдарын ұсынды. Тұрғын үй алу және оның кезегі заңға сәйкес жылжып, кезегімен берілетіні, елді мекендерді ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету, жарықтандыру мен жол салу жұмыстары бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүргізіліп, елді мекен ішіндегі тік дренажды ұңғымалардың қажеттілігіне қарай іске қосылатыны түсіндірілді. Ал, санитарлық тазалықты сақтауға тек мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері ғана емес, жергілікті тұрғындар да тұрақты түрде атсалысуы керектігін айтты.
Қоғамдық қабылдау барысында Серік Үсенұлы айтылған өтініштердің орындалуы бойынша жауапты сала мамандарына арнайы тапсырмалар беріп, мүмкіндігінше заң аясында қанағаттандыруды тапсырды.