7-мамыр Отан қорғаушылар мерекесіне орай,   Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты Жылы су елді мекені,  Әл-Фараби ауылындағы  Хиуаз  Доспанова атындағы   № 28 жалпы орта мектебінде мектеп директоры Баянова Жанат Айтуғанқызының басшылығымен және ұйымдастыруымен халық қаһарманы, ұшқыш, батыр апамыздың ескерткіш бюсті ,сонымен қатар  осы елді мекеннің тұрғындарынан ҰОС қатысқан ардагерлері мен тыл еңбек ардагерлері алаңы  және ескерткіштің ашылу салтанаты болып өтті.

       Салтанатты шараға   Хиуаз апамыздың үлкен  ұлы Ерболат Амиров, кәсіпкер   Жаңбырбай Дәрменов,  ауданның бірқатар  зиялы қауым өкілдері, ағарту саласының сондай-ақ мәдениет бөлімінің қызметкерлері   және  арнайы шақырылған  құрметті  қонақтар қатысты.

      Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы 15 мамырда қазіргі Атырау облысында дүниеге келген. Әкесі Қайр-балықшы. Анасы  Меруерт-мұғалім болып еңбек еткен.

Хиуаздың балалық шағы нәубетті жылдармен тұспа-тұс келді. Ол Орал қаласындағы жалғыз қазақ мектебіне іліге алмай, №1 орыс мектебінде білім алады. Мектептегі оқуымен бірге Оралдағы аэроклубта қатар оқыды.

Бұл жайлы ұшқыш апамыздың өзі көзі тірісінде былай деген еді:

«Мен мектепте комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Қаламызда ұшқыштар дайындайтын курс ашылған болатын. Соған оқушылар іздеп келгенде, ешкім жазыла қоймады. Мен орнымнан атып тұрып, мені жазыңыздар дедім. Содан кейін біртіндеп басқалар да жазыла бастады. Сөйтіп ойда-жоқта осы мамандықты игеруге тура келді».

  1940 жылы мектепті үздік бағамен тәмамдап қана қоймай, «Запастағы ұшқыш» куәлігін де қоса алып шығады. Осылайша арман қуып, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болады. Алайда ондағылар академияға тек ерлер ғана қабылданады деген желеумен қазақ даласынан келген қыздың құжаттарын қабылдамай қояды. Алғашқы қадамы сәтсіз болса да, Хиуаз кері қайтпай, Мәскеудің бірінші медициналық институтына түседі. Араға бір жыл салып, соғыс өрті тұтанады. Осы кезде қазақтың қайсар қызы майданға медбике, тегі болмаса, санитар болып кетсем бе деп, талпынып жүрген. Сөйтіп жүргенде ол әйгілі ұшқыш Марина Раскованың қыз-келіншектерден жасақталған авиаполк құрып жатқанын естиді. Осылайша ол ойланбастан полк басшылығына келіп, Оралдағы аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларын көрсетіп, өжеттігімен көзге түсіп, жауынгерлер құрамына қабылданады.

    Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған жауынгер қыздар Саратов қаласының әскери әуе училищесіне жіберіледі. Мұнда штурмандар даярлайтын арнайы курсты аяқтап, 1942 жылдың көктемінде сол кездегі авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады.

    Хиуаз Доспанова естеліктерінен: «Ол кезде жер бауырлап ұшатын ПО – 2 ұшағымен жау тылын тек түн ішінде бомбалайтынбыз. Осындай бомбалауға 300 рет қатыстым. Ол бір өмір мен өлім айқасқан кез еді. ПО – 2 өте төмен ұшатын болғандықтан зенит оғына жиі кезігетін. Сондықтанда жау тылына аттанған әрбір сапарымыздың соңғы болуы мүмкін екенін біліп жүрдік». «Тірі қалғаныма таңғаламын» – дейді аспаннан 14 рет құлаған Хиуаз апай.

        Тарих тағылымына үңілсек  кезекті журналисттерге берген сұхбаттарының бірінде  « Мұнда ең қиыны теңіздің үстінде үрілген кеудешелермен ұшу болды. Теңізге құлаған, қара топыраққа құлағаннан ауыр еді. Бұл ештеме емес, аяғымның сыр бергені қорқыныш сезіміне ұшыратты. Ұшақпен мәңгі қоштасуға қорыққаным сонша, аяғымның ауырғанын жасырып, самолеттен шықпай отырып есеп беруге рұқсат алдым» – деп еске алады Хиуаз Доспанова.

      Ел басына күн туған шақта сұрапыл соғысқа араласып, бейбіт заманда еліне талмай еңбек еткен «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова 2008 жылдың мамыр айының 20 – сы күні өмірден өтті.

      Ұлы Отан соғысының кез-келген қаһарманының ерлігі мен бейнесі тарих беттерінде мәңгі сақталып, ұрпақ алдында қашан биік тұрады. Әл-Фараби ауылындағы Хиуаз Доспанова атындағы  № 28 мектеп оқушылары да батыр апамыздың атауы беріліп, бюсті қойылған мектепті бұдан былай  мақтан тұтатын болады. Батырлардың қаһармандық істері ешқашан ұмытылмайды, мәңгі есте сақталады.

Улжалгас МЫРЖЫБАЕВА,

 «Х.Доспанова атындағы №28

ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі.

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНАТТЫ ҚЫЗЫ – ХИУАЗ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған