Ауданымызда өңір тұрғындары арасында кәсіпкерлікті кеңінен насихаттау, шағын және орта бизнесті өркендету, соның ішінде әсіресе жастарды кәсіпкерлікке барынша ынталандыру мақсатындағы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Сондай шараның бірін – Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекетті мекемесі мен “Jalyn” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырып, онда «Кәсіптік бағдар беру» жобасы аясында «Кәсібім менің жемісім» атты тақырыпта өңіріміздегі ірі кәсіпорындарға танымдық серуендер ұйымдастырылды.
Бұл экскурсия кезінде семинар-тренинг те өткізіліп, онда жастарды ауданымыздың аумағнда орналасқан ірі кәсіпорындармен таныстыру арқылы несие, грант алу және бизнес ашуға бағыттау, оларға түрлі кәсіптің қыр-сырын үйретіп, нарықтық қатынастардың тиімділігін түсіндіру, мемлекет тарапынан жастарға беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауға барынша мән берілді.
Іс-шараға қатысушы жастар ең алдымен «Cotton Makta» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің жұмысымен танысты. Осы «Cotton Makta» ЖШС- нің басшысы – танымал мақтааралдық жеке кәсіпкер Қабыл Боев болып табылады. Бүгінде зауыттың жылдық қуаттылығы – 60 мың тонна болса, тәулігіне 600 тонна мақта талшығын өңдейді. Бұл кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеген кезде жаңадан 50 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Ал қазіргі таңда мұнда 200-ге жуық қызметкер жұмыс жасайды екен.
Бүгінгі күні кәсіпорын тарапынан дайындалған дайын өнімдер келісім-шарт бойынша Еуропа елдері мен Қытай Халық Республикасындағы жіп иіру фабрикаларына экспортталып жатыр екен.