Жаңсақ пікірлер: кәсіпкерлік туралы мифтер Көп жылдар бойы кәсіпкерлікке қатысты түрлі жаңсақ пікірлер айтылуының басты себебі – тақырып бойынша зерттеудің аздығында. Көптеген зерттеушілер атап өткендей, кәсіпкерлікті зерттеу әлі де даму үстінде, сондықтан, қазіргі заманғы зерттеу нәтижелеріне жол бермейінше, «фольклор» басым бола бермек. Осы ретте, назарларыңызға кең тараған он мифті және оларды әшкерелеу түсіндірмесін ұсынамыз.
1-миф: Кәсіпкерлер – ойдың емес, істің адамы. Олар іс-әрекетке бейім, бірақ көп ойланады. Әр қадамын үнемі мұқият ойластырып жоспарлайтын өте тиянақты адамдар. Бүгінде айқын және толық бизнес-жоспар құру – кәсіпкерлер үшін «ойға» да, «іске» де қабілетті болу қажет екенін көрсетеді.
2-миф: Кәсіпкер болып туылады, қалыптаспайды. Кәсіпкер болуға үйрену мүмкін емес, себебі, ол үшін туа біткен қабілет қажет деген идея бүгінде маңызын жоғалтты. Ол қасиеттерге: батылдық, бастамашылдық, талап, тәуекелге баруға дайындық, аналитикалық қабілет және адами қарым-қатынас дағдылары жатады. Демек, кәсіпкерлікті ғылыми бағыт ретінде тану – бұл мифті жоққа шығаруы мүмкін.
3-миф: Кәсіпкерлер әрқашан жасампаз. «Кәсіпкер – өнертапқыш» деген идея – стереотиптердің нәтижесі. Көптеген өнертапқыштар кәсіпкер болса да, олардың көпшілігі инновациялық қызметтің барлық түрлерін пайдаланады. Мысалы, Рэй Кроц жылдам тамақтану франшизасын ойлап тапқан жоқ, бірақ, оның жаңашыл идеялары McDonald’s-ты әлемдегі ең ірі жылдам тамақтану кәсіпорнына айналдырды. Кәсіпкерліктің қазіргі заманғы түсінігі өнертабыстан ауқымдырақ; кәсіпкерліктің барлық формалары инновациялық мінез-құлықты толық түсінуді талап етеді.
4-миф: Кәсіпкерлер – білім және әлеует тұрғысынан қалыпқа сыймайтын адамдар. «Кәсіпкерлерге әлеуметтік және академиялық білім қажетсіз» деген сенім қалыптасқан. Бұл – кейбір бизнес иелері оқуды тастап не жұмыстан шығып кеткеннен кейін табысты кәсіпорын бастағанына байланысты шыққан. Көп жағдайда мұндай мысалдар орташа кәсіпкерді сипаттауда асыра қолданылып кеткен. Шын мәнінде, тарихта білім беру ұйымдары мен қоғамның кәсіпкерді мойындамаған оқиғалары болған. Олар кәсіпкерді корпоратив алпауыттар әлемінде жолы болмаған тұлға деп есепке алмады. Мысалы, бизнес саласында білім беру жүйесі, ең алдымен, корпоратив бизнесті үйретуге бағытталған. Бүгінде кәсіпкер әлеуметтік, экономикалық және академиялық тұрғыдан қаһарман болып саналады. Енді кәсіпкер жолы болмаған біреу емес, кейінгіге үлгі ретінде қарастырылады.
5-миф: Кәсіпкерлер қалыпқа сай болуы тиіс. Көптеген кітаптар мен мақалалар табысты кәсіпкердің қасиеттерінің тізімін береді. Бұл тізімдер расталмаған әрі толық емес; көбіне жетістіктерге бағдарланған адамдардың кейстеріне және оларды зерттеу нәтижесіне негізделген. Бүгінде біз кәсіпкер бейнесінің стандартын қалыптастыру қиын екенін түсінеміз. Қоршаған орта, кәсіпорын мен кәсіпкердің белсенді әрекеттері кәсіпкер бейнесінің алуан түрін қалыптастырды.
6-миф: Кәсіпкерлердің бар ойлайтыны – ақша. Шын мәнінде, кәсіпорынның аман қалуы үшін капитал қажет; жеткілікті қаржыландыру болмауына байланысты бизнесте түрлі сәтсіздіктер болып жатады. Алайда ақша – сәтсіздіктен сақтайтын жалғыз қорған емес. Жеткілікті қаржыландырудың болмауы – көбінесе басқа мәселелердің: басқарушылық қабілеттің, қаржылық сауаттың жетіспеуі, мардымсыз инвестиция, жоспарлаудың кемшіліктері және т.б. көрсеткіші. Көптеген табысты кәсіпкерлер ақша жетіспеушілігін жеңіп шығып, венчур бастады. Ондай кәсіпкерлер үшін ақша – мақсат емес, ресурс қана.
7-миф: Кәсіпкерлер – жолы болғыш адамдар. «Тиісті уақытта тиісті жерде» болудың артықшылығы күмәнсіз, бірақ «дайындық мүмкіндіктермен ұштасқанда ғана сәттілікке қол жеткізіледі» деген мәтелдің де жаны бар. Мүмкіндік туындаған кезде соған дайын болған кәсіпкерлер көбінесе «табысты» болып көрінеді. Шын мәнінде, олар жай ғана жағдайды жеңуге және табысқа жетуге дайындалды. Табысқа жетудің өзі – дайындық, табандылық, тілек, білім мен жаңашылдықтың ұштасуы.
8-миф: Кәсіпкерлік – берекесіздік пен хаос. Кәсіпкерлерді әуелі шаруасын тындырып алып, содан кейін сұрақ қоятын адам деп қарастыру процесі бар. Кейбіреулер оларды берекесіз, тәртіп пен жүйелілікті білмейді деп есептейді. Шын мәнінде, кәсіпкерлер өз кәсібінің барлық қырларын жете меңгерген. Әдетте олар – тиянақты адамдар. Кәсіпкерлер өзі қалыптастырған болсын, басқалар жасаған болсын – жүйелілікке ұмтылады. Бұл жүйе басымдықтарды анықтау және дұрыс бағыт ұстану үшін оның жеке қасиеттеріне бейімделіп жасалады. Сырт көзге олардың жүйесі қызық болып көрінуі мүмкін, бірақ ол – жұмыс істеп тұрған жүйе.
9-миф: Кәсіпкерлік бастамалардың дені – сәтсіз. Бұл мифтің жалпы мағынасы мынада: он жаңа венчурдің тоғызы сәтсіздікке ұшырайды. Фактілерге сүйенсек, олай емес екенін көреміз. Жылдар бойы статистикалық көрсеткіштер қателесіп келген. Шын мәнінде, зерттеуші Брюс А. Кирчхоффтың мәлімдеуінше, үнемі айтылатын «сәтсіздіктің жоғары көрсеткіші» қате болуы мүмкін. 1993 жылы Кирчхофф 1977 жылы ашылған 814 мың бизнесті қарастырып, нәтижесінде олардың 50%-дан астамын бұрынғы немесе жаңа иелері әлі күнге дейін жүргізіп отырғанын дәлелдеген. Ал 28% – бұрынғы жабылғандар, тек 18% ғана «сәтсіздікке» ұрынған, яғни өтелмеген міндеттемелері қалған. Одан бергі зерттеулерде де кәсіпорындардың сәтсіздікке ұшырауы мұншалықты деңгейде емес екені айтылады. Табысқа қол жеткізбес бұрын, біраз сәтсіздікті басынан өткізетін кәсіпкерлер «Әлденеге бірден қол жеткізе алмасаң, қайта-қайта қасарыса алға ұмтылудан танба!» деген қағидаға сүйенеді. Шын мәнінде, үйренгісі келетін адамға сәтсіздік те сабақ болады және соның арқасында болашақ табыстарға жол ашылады. Мұны әр жаңа пайда болған венчурмен бірге бұрын байқалмаған жаңа мүмкіндіктер пайда болады дейтін дәліз принципінен байқай аламыз.
10-миф: Кәсіпкерлер – ерекше тәуекелшіл адамдар. Кәсіпкерлік процестің негізгі элементі – тәуекел тұжырымдамасы. Алайда кәсіпкер қабылдайтын тәуекелді көпшілік сәл өзгеше түсінеді. Сырт көзге кәсіпкер «құмар ойын ойнаушы» сияқты болып көрінгенімен, шындап келгенде, ол – «есептелген» тәуекелге ғана баратын адам. Көптеген кәсіпкерлер жоспарлау мен дайындық кезеңінде көп жұмыс атқарады, сол арқылы тәуекел қаупін азайтады және өз көзқарастарының жүзеге асуын қадағалайды.