Статистикалық деректерге сүйенсек, Жетісай ауданында 2024 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 9 айда 112,5 млрд. теңге құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,2 пайызға артып отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығы 64,2 млрд. теңге, сауда 28,3 млрд.теңге, өнеркәсіп 9,9 млрд теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 7,1 млрд теңге, тартылған инвестиция көлемі 26,2 млрд теңге және құрылыс көлемі 9,9 млрд. теңгені құраған екен.
Жалпы алғанда бүгінде ауданымызда халық саны 187 531 адам болса, оның ішіндегі экономикалық белсенді халық 76 599, жұмыспен қамтылған халық саны 72 809, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр.
2024 жылға аудан бюджеті 21,1 млрд. теңгені құрап отыр. (Жергілікті түсімдер 5,4 млрд. теңге, трансферттер 14,0 млрд. теңге, берілген кредиттер 1.5 млрд. теңге, бос қалдықтар 140 млн.теңге)
Сондай-ақ бүгінде ауданымызда инвесторлар тарту бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Ауданға тартылатын Инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Соңғы 5 жылда ауданға 90,2 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024-2030 жылдар аралығында 419,6 млрд. теңге инвсетиция тарту жоспарлануда. Соның нәтижесінде 2,17 млрд. теңге салықтық түсімдер түсу күтілуде. 2030 жылға дейін негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 3,8 есе өсетін болады.
Аудан аумағында құны 8,2 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 959 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен қатар, алдағы жылдарға құны 25,3 млрд. теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Осының нәтижесінде 1 803 жаңа жұмыс орны құрылатын болады деп күтілуде.