Жетісай ауданына қарасты Мәншүк Мәметова атындағы №33 жалпы білім беретін мектепте жаратылыстану бағытындағы пәндердің онкүндігі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шараларымен ерекшеленді.

Онкүндік аясында мектепте үш бірдей жаңа кабинет ашылып, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға үлкен мүмкіндік жасалды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кабинеттер білім сапасын арттыруға тың серпін берері сөзсіз.

Шара барысында елге еңбегі сіңген азаматтар – Ағаділұлы Мизамхан, Жаманқараулы Некербек, Батсанбердиев Шымбай сынды тұлғалардың өмір жолы кеңінен насихатталды. Олардың ерліктері мен ел игілігі жолындағы еңбектері жас ұрпаққа үлгі болып, патриоттық рух қалыптастыруға ықпал етті.

Салтанатты жиында ауыл ақсақалдары мен ардагер ұстаздар ақ батасын беріп, жастарға ізгі тілектерін арнады. «Ақ батамен өрілген шара» оқушылардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіруге зор әсерін тигізді. Сонымен қатар, «Құттықтаулар легі» жалғасып, білім саласының өкілдері мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.

Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиеваның бастамасымен жүзеге асқан бұл игі іс – білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Осындай тағылымды шаралар арқылы ашылған жаңа кабинеттер тек білім ордасы ғана емес, жас ұрпақтың ғылымға деген құштарлығын арттырып, елін сүйетін саналы азамат болып қалыптасуына жол ашатын маңызды орталыққа айналмақ.

Баян ТАКЕНОВА,

«БЕКЕТ» газетінің редакторы.

ҒЫЛЫМ МЕН ТӘРБИЕ ТОҒЫСҚАН ТАҒЫЛЫМДЫ ОНКҮНДІК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған