Жетісай ауданының әкімдігі мен аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен аудандағы сұйытылған газ бағасы мен тұтынушыларды қажетті көлемде қамтамасыз ету мәселесіне арналған жиын болып өтті.

Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов пен аудан прокуроры Мырзахмет Утегенов, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен сұйытылған газ құю бекеттерінің өкілдері қатысқан жиында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев баяндама жасап, аудан аумағындағы автогаз құю бекеттеріне ауданда құрылған жұмысшы топ өкілдері тарапынан мониторинг жүргізілгенін, министрліктің сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасын бекіту туралы бұйрығы негізінде бекет иелеріне әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде ескертулер жасалғанын, түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырғанын айтты.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Айдос Бақытжанұлы «Қазіргі газ тапшылығы жағдайында тиісті операторлармен жұмыс жүргізуді одан әрі жалғастырып, әлеуметтік сұйытылған газ көлемін уақытылы жеткізуді және автогаз бекеттерінің қажетті мөлшерде қамтамасыз етілуін бақылауда ұстауымыз керек. Осыған орай қала, кент, барлық ауылдық округтерде құрылған мобильді топтар түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізсін» деді.

Сондай-ақ, аудан прокуроры Мырзахмет Утегенов аудандағы автогаз бағасын тұрақты ұстап, белгіленген лимит аясында жұмыс жүргізу қажеттілігі жөнінде мәселе көтеріп, қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өзекті мәселелерді бірігіп талқылап, сұйытылған газ бағасын негізсіз қымбаттатқан бекет иелеріне заң аясында тиісті шаралар көрілетінін ескертті.

Жетісай ауданы.

ГАЗ БАҒАСЫНЫҢ ТҰРАҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған