Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деп Үкіметке интернет алаяқтықпен күресті күшейтуді тапсырған еді.
Себебі кейінгі жылдары елімізде интернет алаяқтардың алдауына түсіп, қыруар ақшасынан айрылып зар илеген адамдар көбейіп кетті. Осыған орай Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2021 жылдан бастап интернет алаяқтық статистикасын бөлек жүргізуге көшті. Осы ведомствоның мәліметіне сүйенсек, сол жылы интернет алаяқтық фактілері 2020 жылғымен салыстырғанда 50,5 пайызға ұлғайып, 21 405-ге жеткен. Бұл қылмыс көрсеткіші 2022 жылы 3,9 пайызға азайып, 20 569 болған. Ал былтыр интернет алаяқтар өзіндік «рекорд» орнатып, 21 777 қылмыс жасапты.
Интернет алаяқтық биыл тіпті үдеп кетті. Өткен жылдың бірінші жартысында 9 545 адам интернет алаяқтарға жем болса, биылғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 4 пайызға артып, 9 936 адамға жетті.
Ғаламтордағы көзге көрінбейтін қылмыскерлер, әсіресе Астана қаласының тұрғындарына шабуылдарын жиілетіп тұр. Өткен 6 айда елордада 2 204 интернет алаяқтық тіркелген. Алматы қаласында осындай 1048 қылмыс жасалған. Өңірлердің ішінде Қарағанды облысы «көш бастап» тұр. Көмірлі аймақта 813 адам интернет алаяқтардан зардап шеккен. Биыл бұл қылмыс Павлодар облысында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 83,3 пайызға ұлғайып, 715-ке жетті. Сондай-ақ Алматы облысында – 44,9 пайызға (613 адам) Қызылорда облысында – 43,6 пайызға (158 адам), Ақмола облысында – 42,2 пайызға (600 адам), Қостанай облысында – 23,6 пайызға (619 адам), Жамбыл облысында – 19,3 пайызға (105 адам), Маңғыстау облысында – 18,3 пайызға (142 адам), Атырау облысында – 17,3 пайызға (482 адам) көбейді.
Интернет алаяқтықтың саны ғана емес, жұртқа келтірген залалы да ұлғайып барады. 2022 жылы ішкі істер органдарына азаматтардан екінші деңгейдегі банктер бойынша жүргізілген алаяқтық операциялар арқылы жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеден айырылғаны туралы 5 814 өтініш түскен. Бұған қоса, микроқаржы ұйымдары бойынша жалпы сомасы 342 млн теңге болатын 619 өтініш тіркелген. Ал өткен жылы интернет алаяқтар екінші деңгейдегі банктер бойынша азаматтарға келтірген залалдың жалпы сомасы 7,5 млрд теңге болған 6 246 өтініш қабылданған, сондай-ақ микроқаржы ұйымдары бойынша жалпы сомасы 255 млн теңге болған 451 өтініш түскен.
Жоғарыда келтірілген деректер құқық қорғау органдары интернет алаяқтықпен күресті пәрменді жүргізе алмай отырғандығын көрсетеді. Бұған Парламент депутаттары назар аударып, бірнеше мәрте дабыл қаққанымен, аяқтарын алшаң басқан интернет алаяқтарға айыл жиғызатындай шара қолданылған жоқ. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков биылғы 15 мамырда Үкіметке, Бас прокуратураға және Ұлттық Банкке жолдаған депутаттық сауалында интернет алаяқтар көбіне зейнеткерлерді алдап-арбап қақпандарына түсіріп жүргендігін, бірақ құқық қорғаушылар оларға араша бола алмай отырғандығын нақты дәлелдер келтіре айтты. Мысалы, Алматы қаласында 73 жастағы зейнеткер әйел интернет алаяқтардың сөзіне алданып, пәтерін сатып, одан түскен 18 млн теңгесінен, банктегі депозитінде жатқан 6 млн теңгесінен және кредитке алған 1 млн теңгесінен – барлығы 25 млн теңгесінен бір-ақ сәтте айырылып қалған. Қазір ол әлеуметтік үйге барып паналап, зейнетақысы есебінен банктен алған кредитін төлеп жатыр. Ал Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыскерлерді іздеуді тоқтатып тастаған болып шықты.
Оңтүстік астанада тұратын интернет алаяқтар тіпті қоғамдық көлікте тағы бір зейнеткер әйелдің мобильді телефонын ұрлап алып, сол арқылы бірнеше күннен кейін екінші деңгейдегі банктен 577 мың теңге кредит алған. Зардап шеккен зейнеткер осы жайлы ішкі істер органына шағымданған. Алайда полиция қызметкерлері оның ақшасы кімге жіберілгенін біле тұра қылмыскерлерді құрықтау шараларын қолданбаған.
Өскемен қаласында интернет алаяқтардың тілін алған 72 жастағы зейнеткер екінші деңгейдегі банктен 2 млн теңге кредит алып, өзі танымайтын біреудің шотына аударған. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін тергеу іс-шаралары тоқтатылған. Полиция қызметкерлерінің қолында зейнеткердің ақшасын кімдер алып жатқандығы көрсетілген фотосурет болғанына қарамастан, қылмыскерлер ұсталмаған.
Мәжіліс депутаты айтқан сынның әділдігін Бас прокуратура әшкерелеген көптеген заң бұзушылық та айғақтады. Жоғары қадағалау органы жүргізген талдаудың нәтижесінде интернет алаяқтық фактілері бойынша тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығы қамтамасыз етілмей, қозғалған қылмыстық істердің 40-ы заңсыз тоқтатылғандығы және 185-і орынсыз үзілгендігі анықталған. Мұндай шешімдердің күші жойылып, заң бұзуға жол берген 159 полиция қызметкері, оның ішінде 83 басшы, сондай-ақ 18 прокуратура қызметкері тәртіптік жазаға тартылған.
Бас прокуратура интернет алаяқтық қылмыстарды ашудың төмен болуының негізгі себептері – интернет алаяқтар көрші мемлекеттердің аумағынан əрекет ететіндігі, алаяқтық əдістерін жасанды интеллектіні пайдалану жəне «дроппер» деп аталатын дәнекер адамдарды қосу арқылы үздіксіз жетілдіретіні, бақыланбайтын СИП-телефония мен СИМ-бокс құрылғыларын заңсыз пайдаланатындығы, отандық СИМ-карталарды еш кедергісіз сатып алатындығы және азаматтардың жеке деректеріне оңай қол жеткізетіндігі деп санайды.
Бұл ретте биылғы 21 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» акционерлік қоғамының базасында құрылған Антифрод-орталыққа үлкен үміт артылып отыр. Ол азаматтардың интернет алаяқтық белгісі бар төлем операцияларын талдап, шоттарын жедел бұғаттауға және қаржы ұйымдарының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырып, интернет алаяқтарды іздерін суытпай әшкерелеуге мүмкіндік береді. Өйткені Антифрод-орталыққа екінші деңгейдегі банктердің, төлем ұйымдарының, мобильді операторлардың ақпараттық жүйелері қосылып, нақты уақыт режімінде ақпарат алмасу іске асырылады және күмәнді операцияларға қатысушылар бойынша салыстыру жұмысы шапшаң орындалады.
Интернет алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында былтыр Ішкі істер министрлігі барлық өңірде мамандандырылған «CyberPol» топтарын құрған болатын. Олардың жұмысын үйлестіріп, интернет алаяқтарды жалғанның жарығына шығару жұмысын күшейту мақсатында қазір ІІМ-де Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл департаменті құрылып жатыр.
Алдағы уақытта интернет алаяқтықтан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары да қолға алынбақшы. Осы мақсатпен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың онлайн-кредитті өздерінің қатысуынсыз, алаяқтық әдіспен алғандығы сот арқылы дәлелденген жағдайда оларға қаржы ұйымдарының залалды өтеу жөнінде қойған талаптарын тоқтату туралы заң жобасын әзірледі. Ал Бас прокуратураның жанындағы Үйлестіру кеңесі Үкіметке интернет алаяқтық жасағаны үшін, соның ішінде «дропперлер» мен жеке деректерді таратқан адамдар үшін жауапкершілікті күшейту туралы заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды. Сонымен қатар өткен жылы интернет алаяқтық қылмыстарды 77 пайызға азайтқан Беларусьтің оң тәжірибесін ескере отырып, онлайн-кредиттік өтінімдерді қарау мерзімін ұзарту ұйғарылды. Бұл интернет алаяқтардың алдап-арбауына ұшыраған аңғал жандардың дер кезінде ес жиюына септігін тигізері анық.