Қазіргі білім беру кеңістігінде ерекше білім алуды қажет ететін (ЕБҚ) балалармен жұмыс – кешенді, жүйелі және мамандар арасындағы тығыз ынтымақтастықты талап ететін маңызды бағыттардың бірі. Бұл үдерісте педагог-психолог, арнайы педагог (дефектолог) және педагог-логопедтің өзара байланысы баланың жан-жақты дамуына, әлеуметтенуіне және оқу жетістіктеріне тікелей әсер етеді.

«М. Горький атындағы №1 мектеп-гимназия» КММ-де ЕБҚ бар білім алушылармен жүргізілетін жұмыс көпсалалы тәсілге негізделген. Педагог-психологтар Мамадалиева Қазына мен Бейсембаева Ақзера балалардың психоэмоциялық жағдайын анықтау, танымдық процестерін дамыту, мінез-құлқындағы қиындықтарды түзету бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді. Олар баланың ішкі күйін ескере отырып, оқу үдерісіне бейімделуіне қолдау көрсетеді, ата-аналар мен мұғалімдерге психологиялық кеңес береді.

Арнайы педагог Дүйсебекова Перизат ЕБҚ бар балалардың оқу дағдыларын қалыптастыру, қабылдау, зейін, есте сақтау сияқты негізгі психикалық функцияларын дамытуға бағытталған түзете-дамыту жұмыстарын жүзеге асырады. Ол баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқу бағдарламасын бейімдеу мен қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Ал педагог-логопед Токоякова Жаркынай сөйлеу тіліндегі бұзылыстарды анықтау, түзету және алдын алу жұмыстарын атқарады. Логопедиялық сабақтар арқылы балалардың дыбысты дұрыс айтуы, сөздік қорының молаюы, байланыстырып сөйлеу қабілетінің дамуы қамтамасыз етіледі. Бұл – баланың оқу материалын меңгеруіне және өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды фактор.
Аталған мамандардың өзара тығыз байланысы мен бірлескен әрекеті – табысты түзете-дамыту жұмысының негізі. Психолог, дефектолог және логопед бірлескен диагностика жүргізіп, жеке білім беру бағытын (ЖББ) құрастырады, нәтижелерді талдайды және жұмыс жоспарын өзара келісіп жүзеге асырады. Мұндай үйлесімділік баланың дамуындағы оң өзгерістерді жеделдетіп, оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттырады.
Қорытындылай келе, ерекше білім алуды қажет ететін балалармен тиімді жұмыс жүргізу – тек жеке маманның емес, біртұтас команда жұмысының нәтижесі. «М. Горький атындағы №1 мектеп-гимназия» КММ мамандарының өзара кәсіби ынтымақтастығы әрбір баланың әлеуетін ашуға, қоғамда өз орнын табуына зор мүмкіндік береді.
«М. Горький атындағы №1 мектеп-гимназия» КММ мамандары.
