Мамандар қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп тұрған генерациялайтын қондырғылардың жартысынан астамы 30 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқанын айтуда. Бұл жай электр станцияларының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі болып табылады. Жағдайды тұрақтандыру үшін қомақты қаржы жұмсай отырып жаңа электр стансаларын салып немесе ескілерін күрделі жөндеуден өткізгенмен, еліміз үшін оның пайдасы аздау болады. Себебі, мемлекетіміздің парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша қабылданған (2030 жылға қарай 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда шығарындыларды 15%-ға азайту және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу) міндеттемелері де бар. Соны да естен шығармауымыз керек.
Осы жайларды және елімізде жыл сайын өсіп келе жатқан энергия тапшылығын ескере отырып, 2035 жылға қарай 17,5 ГВт құрайтын жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосуды қамтамасыз етуіміз қажет. Яғни қуаты 2 ГВт-тан астам атом электр станциясын қажеттілігі туындап отыр. Осы орта есеппен 1000 МВт екі блоктан тұратын жоғары қуатты атом электр станциясы іске қосылатын болса, онда екі мың адам жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, атом энергетикасын енгізу еліміздің экономикасының дамуына жаңа мүмкіндіктер беріп, атом электр станциясы орналасқан аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасайды. Осылайша, жоғары технологиялық саладағы бір жұмыс орнына тағы да ілеспе салаларда 10 жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Мамандар тұрақты әрі сенімді энергия ел экономикасы үшін қашанда тиімді деп отыр. Жобалық мерзімі 60 жыл құрайтын осы атом электр станциясының жобасы өзін орта есеппен 14-15 жылда ақтайды деп жоспарлануда. Бұл станция құрылысына қаражатқа келер болсақ, оны әртүрлі көздерден алуға болады: мемлекеттік бюджет, үкіметаралық несие немесе таза коммерциялық жобаны қаржыландыру дегендей.
Бұл жердегі басты мәселе сол АЭС-тің келешекте елімізді энергетикалық тұрғыдан толық қамтуы мен сол сала бойынша өзге елдерге тәуелсіздікке қол жеткізуі болып тұр, соны ұмытпауымыз керек. Ал егер «кейбір сарапшылар» сөз ететін кемшіліктеріне баса мән бере беретін болсақ, онда ешқашан алға жылжи алмайтын боламыз.
Айта кетерлігі 2022 жылғы дерек бойынша әлемнің 32 елінде жалпы қуаты 394 ГВт. электр өндіретін 440 ядролық реактор істеп тұрған екен. Сондай-ақ 54 жаңа реактордың құрылысын салу жоспарланған болатын.