Мемлекет басшысы Жолдауда сыртқа шығарылатын өнім нарығының көлемін жоспарлы түрде кеңейту қажеттігін ескерткен болатын.

Бүгінде еліміздің сыртқы нарық көздерін әртараптандыруға да­йын өнімдер экспорты арқылы ғана қол жеткізе аламыз, дей­ді сарапшылар. Кәсіпкер Дәурен Халметтің айтуынша, аймақ­ара­лық үйлестірусіз және Үкімет пен бизнес тарапынан белсенді күш-жігерсіз даму қиын.

«Біз сол кезде ғана ішкі на­рықты дайын өнімдермен қам­­тамасыз етіп, экспорт арасындағы теңгерімді сақтаймыз. Ішкі нарықтың мәселесін шешсек, сыртқы нарықтың жалына жармасу жеңіл болады. Бұл мақсатты еңсеру үшін кей сегменттерде қосылған құн салығы негізінде импорт пен экспорт арасындағы айырмашылықты теңестіруге басымдық беру керек. Дайын өнімдер сегментіндегі кейбір тауарларға керек полипропилен шикізаты Қытайға арзан бағада экспортталады. Себебі отандық компаниялар сыртқы нарық көзінен айырылып қалғысы келмейді. Шикізаттық емес экономикаға ден қойған Үкімет оған қажетті шикізатты ішкі нарыққа тиімді бағамен сату мәселесін де шешу керек», дейді.

Еліміздің астық сегменті де экспортқа байланып тұр. 2007 жылы ұн экспорттаудан әлемде көшбасшы болдық. Арада үш жыл өткенде Түркияға жол бердік. Қазір Өзбек­стан да бас­ты бәсекелеске айна­лып келе жатыр. Астық өңдеу­шілер одағының басшысы Евгений Ганның айтуынша, ұн тартатын кәсіпорындарға жақсы жағдай жасалса, астықты шетелге шикізат түрінде сату тиімді болмай қалады.

«Нарықтың осы сегментіндегі басты импорттаушымыз – Ауғанстан. Былтыр халықаралық нарыққа жөнелтілген ұнның 70 пайызы осы елге экспортталды. Қазір өзбек кәсіпкерлері бидайды көбірек импорттап, одан ұн өнімдерін дайындап жатыр. Олар Ауғанстан нарығына шығып, біздің кәсіпкерлерді ығыстыра бастады. Көрші елде бидай өңдеу қуаттылығы жыл сайын 2,5-3 млн тоннаға өсті. Ұн дайындаумен айналысатын кәсіпкерлерге салық жеңілдіктері мен преференциялармен қоса протекционистік қолдау көрсетіп отыр. 2022 жылы көрші ел 2 млн 762 мың тонна бидайымызды сатып алса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 млн (2,99 млн) тоннаға дейін көтерілді», дейді. Сарапшы айтып өткендей, биылғы отандық ұн экспорты көле­мінің қанша болатыны белгісіз. 2022-2023 маркетингтік жылда 884 мың тонна ұн экспорт­талған.

Ал, сарапшы Замир Қаража­новтың айтуынша, экономикалық саясат қазба байлықты сыртқа сатуға бейімделгендіктен, шетел капиталын шақырып, басқа сала­ларды дамытуға көп көңіл бөлінген жоқ.  «Импорт пен экспорттың баж салығындағы теңгерімсіздіктен нарыққа қажет тауар шетел асады немесе шетелден келеді. Осы мәселе шешілсе, ішкі нарықта дайын өнімдер шығарумен айна­лысатын кәсіпорындар ара­­сындағы іскерлік байланыс мәселесі шешіледі. «Shell», «Chevron», «Agip» сынды әлемге әйгілі компаниялардың шетелдерде терең өңделіп, елімізге қайта келген тауарлары туралы аз айтылмайды. Импортты сатып алуға жұмсалған қаржы шетел экономикасын дамытуға бағытталып жатыр. Кәсіпорындар арасында жүйелі байланыстың жоқтығы – нарық заңына қайшы құбылыс. Дамыған елдерде кез келген жоба импорттық әрі ішкі нарықтағы мүмкіндікті зерттеп барып қабылданады. Біздегі жобалардың 90 па­йызы экспортқа лайықталған. Нәтижесінде, өндіріске қажетті шикізатты ҚХР немесе Ресей импорты арқылы шешуге тырыс­ты, импортқа тәуелділік синдромын ішкі нарықтың мүддесінен жоғары қойды. Үкіметке осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Оңтүстіктегі кәсіпорындардың шикізатқа деген қажеттілігін елдің батыс, орталық аймағындағы кәсіпорындардың мүмкіндігімен шешуге болады. Бұл облысаралық интеграцияны тереңдетеді. Жайылымдық жері мал басын көбейтуге мүмкіндік беретін аймақтарда мал терісін өңдейтін кәсіпорындар санын көбейтсе, көлік құрастыратын зауыттардың, жиһаз дайындайтын кәсіпорындардың өңделген теріге деген қажеттілігі өтеледі. Мұндай мысалдар өте көп. Біздің елде ұлттық инвесторлардың, шағын бизнес субъектілерінің инвестициялық мүмкіндігі – әлі зерттелмеген тақырып», дейді сарапшы З.Қаражанов.

ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған