2024 жылдың 21 шілдесінде Абай облысы, Ақсуат ауданында бұрын-соңды болмаған ақындар айтысы ұйымдастырылады. Әр жылдары ең мәртебелі «Алтын домбыра» және «Асыл домбыра» айтыстарында топ жарған ақындар өзара мықтыны анықтайды. Айтысқа айтулы 8 ақын қатыспақ.
«Алтын домбыра» ақындар айтысының үш дүркін жеңімпазы қызылордалық Мұхтар Ниязов 2021 жылғы алғашқы «Асыл домбыра» иегері алматылық Қазірет Бердіханмен сахнаға шығады.
2019 жылғы «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртайұлы 2023 жылы «Хабар» телеарнасының эфирінен көрсетілген «Асыл домбыра» тележобасының жеңімпазы Жансая Мусинамен сөз сайыстырады.
Айтыстың «шоумендері» атанып кеткен оралдық Мұрадым Мирланов пен керекулік Аспанбек Шұғатаев кім мықтыны анықтаса, 2023 жылғы «Асыл домбыра» иегері семейлік Айбек Жеңісқазин 2021 жылғы «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбековпен айтысады.
Айтыс мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың рухына арналады және «Асыл бесік-Ақсуат» өнер және спорт фестивалі аясында өтеді.
Жұп жеңімпаздарына 3 миллион теңге сыйақы тағайындалған, ал жеңілген ақын 2 миллион теңге алады. 4 жұптың жеңімпаздары арасында тағы да айтыс өтіп, финалға екі ақын жолдама алады. Финал жеңімпазы осы айтыста су жаңа автокөліктің және басты тәж алтын және асыл тастармен көмкерілген домбыраның иесі атанады.
Айтыстың бас демеушісі белгілі меценат Дулат Тастекей. Айта кетейік, Дулат Тастекейдің бастамасымен жыл сайын «Асыл домбыра» ақындар айтысы өтіп жүр, сондай-ақ «Хабар телеарнасының» эфирінен дәл осындай атпен 60 ақын қатысатын командалық айтыс ұйымдастырылып жүр.