Бүгінгі қоғамның басты талаптарының бірі – жан-жақты дамыған, мәдениетті, білімді, өзіне сенімді тұлға тәрбиелеу. Осы мақсатқа жету жолында мектепке дейінгі ұйымдардың, соның ішінде тәрбиешілердің еңбегі ерекше. Өйткені, бала бойындағы алғашқы таным, алғашқы түсінік, алғашқы дағды – балабақшада қалыптасады. Сол себепті де «біртұтас тәрбие» ұғымы біздің күнделікті тәрбие жұмысының негізгі өзегіне айналып отыр.

Біртұтас тәрбие – баланың тұлғалық дамуына әсер ететін барлық саланың өзара байланысы негізінде ұйымдастырылған тәрбие жүйесі. Яғни, баланың ақыл-ойы, сөйлеуі, қимыл-қозғалысы, эстетикалық сезімі, әлеуметтік дағдылары бір арнада, бір бағытта дамиды. Бұл тәсілдің басты ерекшелігі – тәрбиенің барлық бағыты бір-бірімен толық үйлесімде жүзеге асады.

Біздің «Ботақан» ересек тобында біртұтас тәрбие жүйесінің негізгі бағыттары былай іске асады:
1. Танымдық даму
Балалар күнделікті бақылау, зерттеу, тәжірибе жасау арқылы қоршаған ортамен танысады. Түрлі дамытушы ойындар баланың ойлау, салыстыру, талдау қабілетін арттырады.
2. Тілдік қатынас
Әңгімелеу, сұрақ-жауап, көркем әдебиетпен танысу арқылы балалардың сөздік қоры молайып, сөйлеу дағдылары жетіледі. Әр сабақта балалар өз ойын еркін айтуға үйренеді.
3. Әлеуметтік-эмоционалдық тәрбие
Баланың көңіл күйіне ерекше мән беріліп, бір-біріне көмектесу, достық, үлкенді сыйлау, тәртіп сақтау секілді ізгі қасиеттер қалыптастырылады. Ортақ ережені орындау арқылы балалар жауапкершілікті сезінеді.
4. Шығармашылық қабілет
Сурет салу, жапсыру, мүсіндеу, музыка мен би арқылы балалардың қиялы мен эстетикалық талғамы дамиды. Әр бала өз идеясын еркін жеткізуге мүмкіндік алады.
5. Дене дамуы және салауатты өмір салты
Күнделікті қимылды ойындар, дене шынықтыру жаттығулары балалардың ептілігін, икемділігін, шыдамдылығын арттырады. Салауатты өмір салтының негіздері үйретіліп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға баулимыз.
6. Отбасы мен балабақша ынтымақтастығы
Біртұтас тәрбиенің ең маңызды бөлігі – ата-анамен тығыз байланыс. Баланың мінез-құлқын, қабілетін, қызығушылығын қалыптастыруда балабақша мен отбасының көзқарасы мен талаптары бір бағытта болса, нәтиже әлдеқайда жоғары болады.
Тәрбиенің бастауында тұрған балабақша – болашақтың негізі. Сондықтан әрбір баланың бақытты балалық шағын қалыптастыру, оның болашағына жарқын жол салу – біздің парызымыз.
Колбаева Ғалия Елғонқызы,
ЖШС «Балтабай – Ұлман» бөбекжай-балабақшасының «Ботақан» ортаңғы топ тәрбиешісі.
