
Қазіргі қоғамда еліміздің дамуы мен өркендеуінің басты шарты – рухани бай, парасатты, адамгершілігі жоғары тұлғаны қалыптастыру. Ел Президенті өз жолдауларында жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді басты міндет ретінде атап өтеді. Осы мақсатта білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасы – тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған маңызды бағдарлама.
1. Біртұтас тәрбие тұжырымдамасының мәні.
Біртұтас тәрбие – бұл тек мектеп қабырғасындағы оқыту емес, жанұя, мектеп, қоғам, ақпараттық орта секілді барлық тәрбие субъектілерінің өзара әрекеттестігі арқылы жүзеге асатын жүйелі процесс.
Ол төмендегі бағыттарды қамтиды:
Рухани-адамгершілік тәрбие
Зияткерлік және мәдени тәрбие
Еңбек пен экологиялық мәдениет
Патриоттық және азаматтық бағыттағы тәрбие
Цифрлық этика мен медиа мәдениет
Біртұтас тәрбие тұжырымдамасының өзегі – Адал азамат бейнесі.
2. «Адал азамат» тұлғалық моделін қалыптастыру.
Адал азамат – бұл өз еліне, халқына, қоғамына шынайы қызмет ететін,
ар-ұждан мен әділдік қағидаттарын басшылыққа алатын тұлға.
Адалдық қасиетін қалыптастыруда келесі педагогикалық қағидаттар маңызды:
Үлгі көрсету қағидаты (мұғалім мен ата-ананың жеке өнегесі)
Ізгі қарым-қатынас қағидаты
Тәрбиенің үздіксіздігі мен сабақтастығы
Оқушының белсенді позициясын қалыптастыру
Мектепте адалдық мәдениетін қалыптастыру үшін:
«Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» клубтары,
«Адалдық сағаттары», «Ар-ождан кодексі»,
«Жемқорлыққа жол жоқ» акциялары өткізіледі.
Бұл бағыттар тұлғаның азаматтық жауапкершілігін арттырумен қатар, әлеуметтік имммунитетін де күшейтеді.
3. Кіріктірілген тәрбие тәсілдері.
Қазіргі тәрбие процесі бір пән немесе бір іс-шара шеңберінде шектелмеуі керек.
Кіріктірілген тәрбие – пәндік білім мен өмірлік құндылықтарды байланыстыру.
Мысалы: Қазақ тілі сабағында мақал-мәтелдер арқылы адалдық, әділдік ұғымдарын талдау;
Дүниетану сабағында экологиялық адалдық ұстанымын енгізу;
Сынып сағаттарында «Менің адал істерім» портфолиосын жүргізу;
Мектептің өзін-өзі басқару ұйымдарын дамыту арқылы жауапкершілік пен әділ шешім қабылдауды үйрету.
4. Педагогтің рөлі мен кәсіби ұстанымы.
Мұғалім – тек білім беруші емес, рухани тәрбиеші, үлгі тұлға. Біртұтас тәрбиеде педагогтың миссиясы – оқушы бойында адамдық қасиеттерді ояту, өмірлік бағыт-бағдар беру. «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты ұйымдастыратын курстар мен семинарлар осындай кәсіби дамуды қолдап, педагогтың рефлексиялық мәдениетін арттырады.
5. Тәрбиелік нәтижелер мен әлеуметтік әсер.
Біртұтас тәрбиенің нәтижесінде:
Адалдық пен әділдік өмірлік ұстанымға айналады;
Жауапкершілік сезімі күшейеді;
Азаматтық сана мен елжандылық дамиды;
Қоғамда сенім мен рухани тұрақтылық орнайды. Бұл – еліміздің болашағына бағытталған интеллектуалды әрі иманды ұрпақтың бейнесі.
Қорыта айтар болсақ: Біртұтас тәрбие жүйесі – адамның тұлғалық, рухани және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ететін ұлттық идеяның негізі. Адал азамат тәрбиелеу – әрбір педагогтың, әр ата-ананың және тұтас қоғамның ортақ борышы. Тәрбие жұмысының сапасы – елдің келешегінің айнасы. Осы жолда ұстаздар қауымы ел болашағы үшін ізгіліктің дәнін егуді жалғастыруда.
Біртұтас тәрбие – тек білім беру саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Адал азамат – ел болашағы. Ендеше тәрбие жұмысы жүйелі, үйлесімді, мақсатты болуы тиіс.
Турмаханова Айгуль Айтмаханбетовна,
«І.Есенберлин атындағы №54 жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі.
Жетісай ауданы.