Департамент 5 желтоқсан күні Түркістан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мәжіліске қатысты.
Аталған жиында аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, жекеменшік балабақша, мектеп құрылтайшылары, өкілдері де қатысты.
Білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы Жанар Сатыбалдықызы Касымова білім беру мекемелерінде терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құжатқа түсіндірме берді.
«Бүгінгі таңда білім беру ұйымдары әртүрлі қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.
Айта кетсек, білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы бейнебақылау камераларының болуы жедел басқару орталығына және аудандық ішкі істер бөлімдерінің кезекші пункттеріне бейнелерді жіберуі.
Объектілердің терроризмге қарсы қауіпсіздігін мекеменің бірінші басшысы ұйымдастырады.
Ұйым басшысы бақылау камераларындағы бейнежазбалардың кемінде 30 күн сақталуын қамтамасыз етеді» – деп, Жанар Сатыбалдықызы өз баяндамасында айтты.
Білім беру ұйымдары үшін «Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарының үй-жайларында және (немесе) іргелес аумақтарында бейнебақылаудың болуы – біліктілік талаптардың бірі болып табылады.
Баян ТАКЕНОВА.