Күн әлемі бөбекжай балабақшасының меңгерушісі ретінде менің басты мақсатым – әр баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау, оларға тек білім беріп қана қоймай, дұрыс тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру болып табылады. Білікті педагог – бұл тек оқытушы емес, сонымен бірге тәрбиеші, үлгі көрсетуші, әр баланың қабілеті мен қызығушылығына қарай жеке жол таба білетін маман.

Балабақшамызда біз әр баланы ерекше тұлға деп қараймыз. Педагогтарымыз балалардың ойлау қабілетін, шығармашылығын, сөйлеу мәдениетін дамытуға, олардың әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар, ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Балаларға қазақтың ұлттық ойындары, әндері, биі, қолөнер түрлері таныстырылады, бұл олардың рухани әлемін байытып, мәдени санасын қалыптастырады.
Білікті педагог тек білімді жеткізуші ғана емес, балаларға дұрыс бағыт беруші, олардың бойына ізгілік, адалдық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді сіңіруде үлгі көрсетуші болу керек. Әрбір педагогтың жүрегінде балаларға деген шынайы мейірім мен сүйіспеншілік болуы маңызды. Тек осындай тәсіл арқылы біз саналы, мәдениетті, білімді ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Бала – болашақ елдің негізі. Сондықтан біздің қызметіміздің маңызы – тек бүгінгі күнде емес, келешекте елдің дамуына, қоғамның дамуына әсер ету. Білікті педагогтың ең басты миссиясы – білімді, саналы, жауапкершілігі мол, өмірге дайын ұрпақ тәрбиелеу. Сол арқылы ғана қоғамымыздың болашағы жарқын, еліміздің келешегі кемел болады.
Балабақша ұжымы балаларға сүйіспеншілікпен қарап, олардың әрқайсысының жан-жақты дамуына бар күш-жігерін жұмсайды. Біз әр баланың бойында қабілетін ашып, білім мен тәрбие негіздерін дұрыс қалыптастырамыз.
Балтабаева Несібелі Рахманқызы,
Күн әлемі бөбекжай балабақшасының меңгерушісі.
