
Бүгінгі қазақ руханияты мен мәдениетінен, өнерінен ерекше орын алып үлгерген музыка – жас ұрпақтың мәдени-рухани дамуына зор ықпал жасап, олардың адамгершілік тәрбиесінің қалыптасыуына өз септігін тигізуде. Ал музыкалық аспаптардың ішінде қазақ өнерінің ажырамас бөлігіне айналған ол баян аспабы. Баян – Қазақстандағы көпшіліктің сүйікті аспабы ретінде бағаланады. Бұл аспапты, шын мәнінде, интернационал деп санауға болады.
Баянның әуезді үні мен өзінді жан тербетер ерекше даусы болашақ ұрпақтың санасына үлкен өзгеріс алып келіп, өнер әлеміне бойлауына септігін тигізері анық. Осы тұрғысынан бүгінде өнер мектептерінде де баян аспабы оқушыларға кеңінен оқытылып, үйретілуде. Баянға қызығатын оқушылардың да санының артуы бізді ерекше қуантады.
Балалар өнер мектебіндегі әр аспаптың өзіндік орны мен маңызы бар, ал баян – оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуда ерекше орын алады.
Музыка саласында баян аспабының өзіндік ерекшеліктері бар, атап айтқанда, көп жанрлы музыканы орындауға мүмкіндік беретін әмбебап аспап. Оның аккордтық, мелодиялық және ритмикалық мүмкіндіктері балаларды музыкаға қызықтыруға және олардың орындаушылық шеберлігін қалыптастыруға септігін тигізеді. Аспаптың көмегімен қазақтың халық әндері мен күйлерін, сондай-ақ әлемдік классиканың туындыларын орындауға болады.
Баянның басты ерекшелігі – оның бір уақытта екі қолмен әртүрлі партияларды ойнау қабілеті. Бұл балалардың қол моторикасын дамытып қана қоймай, олардың миының екі жарты шарының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Балалалар өнер мектептерінде баян арқылы музыкалық білім беру кеңінен қолданылады.
Балалар музыка мектебінде баян аспабы:
- Ноталық сауаттылықты қалыптастырады. Оқушылар ноталарды оқу, ритм сезімін дамыту және музыкалық шығармаларды талдау дағдыларын меңгереді.
- Шығармашылық қабілетті дамытады. Баян арқылы балалар өз ойларын музыкалық тілде еркін жеткізуге үйренеді. Импровизация жасау және жаңа әуендер шығару қабілеті артады.
- Топта жұмыс істеуге баулиды. Ансамбльде немесе оркестрде баян орындау балаларды бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеуге үйретеді.
Балалар үшін баян үйренудің артықшылықтары
- Музыкаға деген қызығушылықты ояту. Баянның алуан түрлі дыбыстық мүмкіндіктері оқушылардың назарын аударады.
- Шығармашылық дамуға жағдай жасау. Оқушылар баянмен әртүрлі жанрдағы шығармаларды орындай отырып, музыкалық талғамдарын қалыптастырады.
- Өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын жетілдіру. Жаттығу барысында оқушылар өз уақыты мен күшін дұрыс ұйымдастыруды үйренеді.
Баян аспабын оқытудағы әдістемелік тәсілдер
- Бастапқы кезең: Оқушыларды аспаптың құрылымымен және дыбыстық ерекшеліктерімен таныстыру. Қарапайым жаттығулар мен жеңіл шығармалардан бастау.
- Орта деңгей: Техникалық шеберлікті жетілдіру және репертуарды кеңейту. Оқушыларға әртүрлі жанрдағы шығармаларды орындауды үйрету.
- Жоғары деңгей: Сахналық орындаушылық және ансамбльде ойнау тәжірибесін беру.
Қазақ халқының ұлттық музыкасына оқушыларды баулуда да баян баянның рөлі зор. Баян аспабы арқылы оқушылар қазақтың халық музыкасына жақындап, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Аспаптың көмегімен халық күйлерін, әндерін жаңа қырынан орындауға болады. Бұл оқушыларды ұлттық мәдениетке баулиды.
Баян аспабы балалар музыка мектебінде тек орындаушылық шеберлікті қалыптастыру құралы ғана емес, сонымен қатар олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал ететін ерекше аспап. Музыка мұғалімдері баянды оқытуда заманауи әдістер мен ұлттық музыканың бай мұрасын үйлестіре отырып, жас ұрпақты рухани жетілген тұлға ретінде тәрбиелеуге мүмкіндік алады.
Дарменшева Айнұр Анарбековна,
№1 Жетісай балалар өнер мектебінің директоры
педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі.
Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласы.