Тәрбие мен баланың алғашқы дені мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі.Бала бойындағы жаңа қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып, олардың өнегелі болып тәрбиеленуіне балабақша ошағының маңызы зор екені белгілі.

Осы орайда өзімнің бала тәрбиесіндегі алдыма қойған басты мақсатым-баланың жас ерекшеліктеріне қарай, ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрді бойына сіңіріп жеке тұлға ретінде жан-жақты қалыптасуына ықпал ету.Неліктен мен «Бала болашағының негізі ұлттық тәрбиеде» атты тақырыпты таңдадым?

Себебі, қазіргі қоғамда интернет желісі арқылы көрсетіліп жатқан түрлі мультфильмдер, керексіз дүниелер, болашақ ұрпақтарымыздың санасын улауда.Міне осы сияқты өзекті проблемалардың шешімі, әрине біздің сан ғасырлар бойы келе жатырған-ұлттық тәрбиемізде.Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие.Міне осы тұрғыда күнделікті атқарылып жататын жұмыстардан үзінділер көрсетіп өтсем…Балаларды ең алдымен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, өз шыққан тектерін, 7-атасын жатқа білуге, қазақ қыздарына тән ибалылық пен ұяңдық мінездері, ерлерге тән намысшылдық пен қамқорлық мінездері туралы бойларына сіңіріп отырудамын.Балабақшада ұлттық құндылықтарымыз туралы көптеген іс-шаралар ұйымдастырдым. Бұл оқу қызметінде балалар өз шыққан ата-тектері туралы, туыстық қарым қатынастар туралы, дастархан басына отырарда қазақ халқына тән, ұлттық тәрбиенің бір бөлшегі, дастарханға отыру әдебін сақтай отырып, қыз баланы қазақ халқы қалай құрметтегені туралы, үйдің үлкеніне деген құрмет сияқты, ұлттық тәрбиелерді бала бойына сіңіре алдым.
Тек қана оқу қызметінде емес, сонымен қатар ертеңгіліктерде, балалармен серуен кезінде, ұйқыдан тұрғаннан кейінгі бос уақыттардың барлығында ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіре беру басты қағидам болып табылады.Ұлттық тәрбиеміздің негізгі көздері әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен ұлттық әдебиетіміз.Балабақшамызда арқан тартыс, асық ату, тақия тастамақ т. б. ұлттық ойын түрлері үнемі ойнатылып отырады.Сонымен қатар балаларға үнемі «қазақ ертегілерін» оқып беремін.Күніне 1 мақал-мәтелден, қазақтың ырым-тыйым сөздерінен жаттатып отыруға тырысамын.Сонымен қатар әр баланың жеке даму картасынан да, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген жеке тұлға қалыптасып келе жатқандығы байқалады.
Қорыта айтқанда ұлттық тәрбие алған ұрпақ-дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл боп өседі.
Халия АБДИКАЛИКОВА,
Жетісай ауданы, Абай ауылдық округі,
«Көмек ата» бөбекжай
балабақшасының тәрбиешісі.
