Аудандарды экономикалық тұрғыдан дамыту мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қолға алған ауқымды бағдарламаларын тиісті деңгейде жүзеге асыру мақсатында Жетісай ауданында да ілкімді істер жүзеге асырылуда. Күн санап ілгерілеген аудан экономикасымен қатар аудан аумағындағы автомобиль жолдары да талапқа сай жаңартылуда.
        Облыс аумағындағы елді мекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында биылғы жылы Ұлттық қор мен облыстық, жергілікті бюджеттерден 1 млрд 821 млн. теңге бағытталған.
         Солардың ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдардамасы аясында республикалық және облыстық қазынадан қаралған 1 млрд 282 млн 841 мың теңгеге Ә.Оспанов, Құрбан ата, Сырабат, Сәтпаев, Ералиев, Ынтымақ елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 42,1 шақырымды құрайтын 50 көше, жергілікті бюджеттен бөлінген 539 млн теңгеге Жетісай қаласы мен Атамекен, Абай елді мекендеріндегі 17,17 шақырымды құрайтын 15 көше асфальтталады. Одан бөлек, 55,8 млн теңгеге жалпы ұзындығы 8,44 шақырымды құрайтын 15 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.
         Қазіргі таңда «Жол – әрбір адамның күре тамыры болып табылады. Аудан тұрғындары мен қонақтарын сапалы, қауіпсіз жолдармен, инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз. Біз бірінші кезекте аудан бысшысының тапсырмасына сәйкес аса қажетті деген республикалық, облыстық, аудандық және ішкі жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Ауданның барлық көшелеріне рет-ретімен алдағы уақытта жоспарға сай жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады» дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Өмірұлы Мамбетов.
         2023 жылы аудандық және қаланың IV деңгейлі бюджеті есебінен жалпы ұзындығы 18,08 шақырымды құрайтын 31 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қала көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 71,6 пайызға жеткізсе, биылғы жылы аудандық қазынадан қаралған қаржы есебінен жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын 9 көшеге асфальт төселген. Алдағы күндері қаланың IV деңгейлі бюджетінен ұзындығы 5,27 шақырым тағы 5 көшеге орта жөндеу жүргізіліп, шаһардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 77,9 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
        Ауданымызда сол жөнделіп жатқан көшелердің қатарында көп жылдардан бері жөндеуді қажет етіп келген Амангелді көшесі де бар. Қаладағы жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық 175 көше мен 34 шақырымды құрайтын арық-атыздардың 2,8 шақырым жолы, 3,6 шақырым арық-атызы дәл осы көшеге тиесілі.  «Соңғы 30 жылға жуық уақытта Амангелді көшесінің жөнделгенін көрген емеспін. Ой-шұқырының көптігінен көлік жүргізушілері де әбден қиындық көрген. Енді міне, асфальт төселіп, жол жөнделіп жатыр. Аудан әкімінің өзі де жұмыстың сапасын тексеріп бірнеше рет келді, арық-атыздардың ашылуына көп жұмыс жүргізді. Ризашылығымызды білдіреміз» дейді қала тұрғыны Артықбай Бегімқұлұлы.
          Сонымен қатар, ауданымызда 101,4 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын 8 көшеге аяқ жол салынса, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық маңызы бар КХ-75, КХ-117, КХ-27, КХ-86, КХ-96 автомобиль жолдары бойындағы білім беру ұйымдарының жол бойларына 23 стандартқа сай жаяу жүргінші өткелдерін таңбалау жұмыстары жүргізілген. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне стандартқа сай жасанды жол кедергілері, қажетті жерлерге 60-тан астам жол белгілерін орнату жұмыстары да жүргізілген.
АУДАНЫМЫЗДЫҢ ЖОЛДАРЫ ЖОҒАРЫ ҚАРҚЫНМЕН ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған