Жетісай ауданы әкімдігінің мәжіліс залындағы – аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, құзырлы орган басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында аудан әкімі Серік Мамытов пен Түркістан облысы прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Дәулет Тлемисов Жетісай ауданының активіне жаңадан тағайындалған аудан прокуроры Мырзахмет Сейдахметұлы Утегеновті таныстырды.
Алдымен облыс прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы осы уақытқа дейін аудан прокуроры қызметін абыроймен атқарған Айдархан Жорықбайұлына сөз беріп, оның адал еңбегіне ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Айдархан Жорықбайұлы аудан халқының қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтып, Жетісай жұртшылығына табыс тіледі.
Сонымен қатар, аудан басшысы Серік Мамытов төрт жыл бойы аудандағы құқықтық тәртіп пен қоғамдық тұрақтылықтың нығаюына сүбелі үлес қосқан Айдархан Жорықбайұлына өз алғысын білдіріп, иығына қазақтың дәстүрі бойынша шапан жапты. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері де мінберге көтеріліп, бұрынғы прокурорға ризашылығын білдіріп, жаңа тағайындауға жылы лебіздерін жеткізді.
Осыдан кейін Дәулет Тлемисов Жетісай ауданының жаңа прокуроры Мырзахмет Утегеновті таныстырып, оның еңбек жолына тоқталды. Сондай-ақ, облыс прокурорының орынбасары жаңа прокурорға зор сенім артылып отырғанын атап өтіп, оған жауапты қызметінде сәттіліктер тіледі.
Айта кетерлігі Прокуратура саласындағы еңбек өтілі 17 жылдан асқан Мырзахмет Сейдахметұлы 2008 жылдан бері Түлкібас, Ордабасы, Сарыағаш, Әл-Фараби аудандарының прокуратураларында әртүрлі лауазымдарда еңбек еткен. Сонымен қатар ол, Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының басқарма бастығы, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі қызметтерінде атқарған. Соңғы тағайындауға дейін Түркістан облысының көлік прокуроры болған Мырзахмет Утегеновтің сыныптық шені — әділет кеңесшісі.
Бекет ақпарат.
