Бүгінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі қоғамның әлеуметтік және мәдени дамуына тікелей ықпал ететін маңызды саланың бірі саналады. Баланың тұлғалық қалыптасуы, алғашқы дағдылары мен мінез-құлық икемдерінің дамуы – отбасындағы тәрбие мен педагог мамандардың кәсіби қолдауына тәуелді. Алайда түрлі себептермен балабақшаға бармайтын немесе мектепке дейінгі біліммен қамтылмаған балалар аз емес. Осыған орай ата-аналарға бағытталған консультациялық пункттердің рөлі айрықша маңызға ие болып отыр.

Консультациялық пункттер – ата-аналарға баланы тәрбиелеу, дамыту және үй жағдайында оқыту бойынша әдістемелік көмек көрсететін қолжетімді орта. Мұндай орталықтардың жұмысы ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын арттыруға, баланың дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталады. Осы бағыттағы жұмыстардың жарқын үлгісі ретінде «Күншуақ» бөбекжай-бақшасы МКҚК-нің тәжірибесін айтуға болады. Бөбекжайға келген ата-аналарға мамандар тарапынан жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, баланың жас ерекшелігіне сай даму ерекшеліктері түсіндіріледі. Сонымен қатар ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, бала тәрбиесіне қатысты кәсіби кеңес алу мүмкіндігіне ие болады.
Консультациялық пункттер желісін кеңейту шалғай елді мекендердегі және әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасыларға қолжетімділікті арттыруға көмектеседі. Әсіресе ауылдық жерлерде мұндай мамандардың көмегі баланың ерте дамуына оң әсер етіп, ата-ананың өз баласына деген жауапкершілігін нығайтады. Бұған қоса, онлайн кеңес беру форматын жетілдіру – уақыт пен қашықтыққа қарамастан ата-аналардың қажетті көмек алуына мүмкіндік жасайтын тиімді тетік.
Қызметті жетілдірудің маңызды бөлігі – кеңес беруші мамандардың кәсіби шеберлігі. Педагог-психолог, логопед, тәрбиеші және әлеуметтік педагогтардың біліктілігін арттыру арқылы консультациялық орталықтардың жұмысы бірізді және нәтижелі бола түседі. Әдістемелік жаңашылдықтар, тренингтер, тәжірибе алмасу алаңдары осы саладағы мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Сонымен бірге, ата-аналарға арналған бірыңғай ақпараттық материалдар, видеосабақтар, дамытуға арналған тапсырмалар қорының болуы орталықтардың жұмысын жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ресурстар ата-аналардың өздігінен білім алуын жеңілдетіп, бала тәрбиесіндегі сенімділігін арттырады. Сондай-ақ кері байланыс орнату, ата-аналардың ұсыныстарын ескеру, олардың қажеттілігіне сәйкес жаңа форматтарды енгізу – қызметтің сапасын одан әрі күшейтеді.
Қорытындылай келе, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттер желісін кеңейту – қоғамның болашағына бағытталған маңызды қадам. Мұндай орталықтар ата-аналарға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, балалардың толыққанды дамуына жағдай жасап, мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосады. «Күншуақ» бөбекжай-бақшасы секілді тәжірибелі ұйымдардың жұмысы – осы бағыттағы үздік үлгінің бірі.
Жанат ЖОРАБЕКОВА,
«Күншуақ» бөбекжай- бақшасы МКҚК меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы.
