Халқымызда «Ас атасы – нан» деген тағылымды сөз бар. Бұл – нанға деген ерекше құрметтің, еңбекке деген адал көзқарастың айқын көрінісі. Осы ұлттық құндылықты жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында «Ақтай ата» бөбекжай-балабақшасының «Балдәурен» тобында танымдық-тағылымдық іс-шара ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – балаларға нанның қасиетін түсіндіру, оны қадірлеуге, еңбек адамын құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүр мен тәрбиені насихаттау болды. Себебі бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел азаматы. Ал баланың бойына кішкентайынан сіңген тәрбие оның болашақтағы өмірлік ұстанымына негіз болады.
Іс-шара барысында тәрбиеленушілер нанның егіс даласынан бастап дастарханға жеткенге дейінгі ұзақ әрі күрделі жолымен танысты. Тәрбиешілер диқан еңбегі, жерді күтіп-баптау, астық өсіру, оны өңдеу және нан пісіру үдерісі туралы кеңінен түсіндірді. Балалар әр түйір дәннің артында маңдай тер, адал еңбек жатқанын ұғына түсті.
Сабақ барысында балалар тақырыпқа сай өлеңдер оқып, мақал-мәтелдер айтып, сұрақ-жауап арқылы өз білімдерін көрсетті. Сонымен қатар, нанға қатысты тыйым сөздер мен ұлттық ұғымдар түсіндіріліп, нанды жерге тастамау, үстінен аттамау, ысырап етпеу секілді халықтық тәрбиенің маңызы айтылды. Бүлдіршіндер үлкен қызығушылық танытып, белсенділікпен қатысты.
Іс-шараның тәрбиелік мәні зор болды. Балалар нанды тек күнделікті тағам ретінде ғана емес, үлкен еңбектің жемісі, қасиетті ас ретінде қабылдай бастады. Мұндай сабақтар баланың сана-сезімін қалыптастырып қана қоймай, еңбекке деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін арттырады.
«Ақтай ата» бөбекжай-балабақшасында ұйымдастырылатын осындай мазмұнды тәрбиелік шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жас ұрпақты адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар өз жалғасын табады деп күтілуде.
Тойлыбаева Мақпал Тастанбековна,
«Ақтай ата» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.
