Әуелі басымда бола жаздаған мына бір шетіндеу оқиғаны баян етейін. Фейсбукті ақтарып отырғанмын, алдымнан Kaspi bank-тің әртүрлі жарнамасы шыға берді. Kaspi bank елімізде бұқара халыққа жақын банк болып есептеледі және оның көпшілікке арналған қызмет түрлерін пайдаланатындарда қисап жоқ. Ал мен пақыр соның біріне қол созып көрмеппін.

Бірақ неге екенін білмеймін, осы жолы Kaspi profit жарнамасына көзімнің сүріне бергені. Оның үстіне Kaspi.kz басқармасының төрағасы әрі акционері Михаил Ломтадзенің өзі, «Kaspi bank халықты тағы да кереметке кенелтуде. Қаржы нарығына қатысыңыз, жиырма төрт сағаттың ішінде сізді миллионер етудің мүмкіндігін біз ойлап таптық» деген сыңайда сарнап тұрған соң, ойлануға тура келді. «Дамыған елдердегі биржалардың қызметі, ұлттық байлықты құнды қағаздар нарығында бөлісудің әділ жолы бізге де келіп қалған ба?» деген үміт те көңілде маздап қоя беріп, Kaspi profit-ке қатысуға тілек білдіріп, телефон нөмірімді қалдырғам, ертеңінде қалалық нөмірден үні сыңғырлаған, сықылықтап күліп сөйлейтін бір бикеш хабарласып тұр. Орысша сөйлейді, әрине. Мен мемтілге көшіп едім, ол орыс тілінде бастырмалата жөнелді.
«Несие алып па едіңіз?», «А, несиеге жоламаймын дейсіз бе?». «Бәрекелді! Сіз қаржы нарығындағы сарап­шылардың жұмысы туралы білесіз бе?». «Білесіз, алайда толық білмейсіз, иә?». «Олар – сізге ауадан ақша жасап беретін сиқыршылар». «Жо-жоқ, «сиқыршы» дегенімнен қорықпаңыз. Олар – кеңесішілер. Нақты кеңес беретін майталмандар. Сарапшыңыз сізге: «Міне, мына затты сатып алып қойыңыз», – деп кеңес береді. Сіз оны арзанға сатып аласыз. Бір айдан соң әлгі қара бақырға сатып алған затыңыздың бағасы шарықтап шыға келеді. Сарапшы сізге: «Әлгі затыңызды енді сатыңыз», – дейді. Сіз сатасыз. О, Құдайым, мұны қалай айтсам екен, сіз – миллионерсіз!». «Айтыңызшы, бұл деген керемет қой! Ғажап!».
Тыңдаған құлақтың иесін батпанқұйрық байлықтың қызығына батырып, еліктіріп, желіктіріп алғанына бек сенімді сыңғыр дауысты сылқым содан кейін сізге мынандай сұрақ қояды екен.
– Сіздің айлық табысыңыз қанша?
– Менің айлық табысымды қайтпек едіңіз?
– О, міне, дұрыс сұрақ. Бізге, рас, сіздің айлық табысыңыздың көлемі қажет емес, біз бар болғаны сіздің табысыңызды еселеуді ғана көздейміз. Иә, сізді қаржы нарығына тарту арқылы біз де табыс табамыз. Ол жайын кейін біле жатарсыз. Сіз осы Алматы қаласында тұрасыз ба?
– Осындамыз.
– Мен қазір сізге анкеталық сұрақтар жіберемін, соған тез жауап қайтарсаңыз болды, бүгіннен бастап Kaspi profit игі­лігіңізге қызмет етуге дайын.
Осындай жауаптасудан кейін түйсігіме бірдеңе жетті білемін, арамыздағы байланысты уақытша үзіп кейін хабарласайық дедім. Сыңғыр үндім сызылып қоймайды:
– Анкеталық сұрақтарға жазбаша жауап беруге уақыт таппасаңыз, ауызша-ақ жауап қайыра салыңызшы, мархаббат.
– Жоқ, кейін.
Әңгімеміз әлгіндей рәуіште аяқталысымен, дерек көздерінен Kaspi profit жайлы қарасам, жалған екен. Кәдімгі фейк. Ломтадзенің аузындағы сөз де – жалған. Жасанды интеллекттің жемісі Ломтадзе – Ломтадзе болып сөйлеп тұр, алайда өзі – өзі емес. Ойбой-оу, менің мына сөйлемдерім не болып кетті? Қысқасы, Михаил Нугзарұлының әлдебір жиында сөйлеген сәтін бейнетаспада көшіріп алған алаяқтар оның аузына жалған жарнаманы салып, сайратып қойған. Ал сенбей көр! Осы күні жұрт миллиардер Михаил не десе соған сенетін жағдайда. Соны алаяқтар әбден біледі. Білгендіктен де аталған банктің баннерін де, логотипін де, тіпті акционерінің бет-бейнесі мен дауысын да еркінше пайдаланып, елді алдаудың амал-айласына кіріскен.
Жарнаманың жалғандығына көз жеткізген бетте банк қызметкерлеріне мән-жайды ескертіп, маған қоңырауы түскен қалалық телефонның нөмірін де айтып беруге тура келді. Банк әрі қарай не істеді, ол жағы маған беймәлім. Мынандай ғана сұрақ болды:
– Алаяқ әйел сіздің телефон нөміріңізге «sms код келді ме» деп сұрады ма?
– Мен оны ол сұраққа жеткізген жоқпын. Ешқандай код та келмеді.
– Ендеше алаң болмаңыз!
«Алаяқтар қазір ҰҚК мен полиция қызметкері болып, салық инспекциясының өкілі болып, «банктенбіз, сіздің шотыңызға шабуыл жасалып жатыр, шұғыл түрде есеп-шотыңызды ауыстыруымыз керек. Телефон нөміріңізге түскен sms кодты айта қойы­ңыз» деп қорқытады» дегенді естуші едім. «Мың естігеннен бір көрген артық» мен өзімнің басымда бола жаздаған шетін оқиға туралы жаза отырып, сақ жүріңіздер, абай болыңыздар, алаяқ сайтандай сап етіп тап қасыңыздан табыла кетеді екен дегенді ескерткім келді.
Ғаламтордағы алаяқтық туралы Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа жолдауында былай деп ескерткені есте:
«Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн».
Қаржылық сауат қазаққа әсіресе керек. Осыны мықтап ескеретін уақыт келді.

Сайын БӨЛЕК

АЛАЯҚТАР САЙТАНДАЙ САП ЕТІП ҚАСЫҢЫЗДАН ТАБЫЛА КЕТУІ МҮМКІН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған