Қазіргі білім беру жүйесінде оқушыларға шет тілін үйрету – тек грамматикалық ережелерді меңгерту ғана емес, олардың еркін ойлап, еркін сөйлеуіне жағдай жасау. Өз тәжірибемде байқағаным – ағылшын тілін үйретуде ойын элементтерін тиімді қолдану оқушылардың сөздік қорын молайтуда ерекше нәтиже береді.

Сабақ барысында ойын технологияларын пайдалану оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып, жаңа сөздерді жеңіл әрі тез есте сақтауына ықпал етеді. Әсіресе бастауыш және орта буын сыныптарында ойын – баланың табиғи әрекеті. Сол себепті білімді ойынмен ұштастыру – ең тиімді әдістердің бірі.

Ойын арқылы оқушы өз бойындағы ұялшақтықты жеңіп, сабаққа белсенді қатыса бастайды. Мысалы, “Hot Seat”, “Memory”, “Bingo”, “Simon Says” сияқты ойындар оқушылардың жаңа сөздерді қайталауына, дұрыс дыбыстауына және есте сақтауына көмектеседі. Рөлдік ойындар арқылы олар түрлі жағдаяттарды сахналап, сөздерді өмірмен байланыстыра қолданады. Бұл әдіс оқушының тек сөздік қорын ғана емес, сөйлеу дағдысын да дамытады.

Сондай-ақ, ойын элементтері оқушылар арасында ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырады. Топтық ойындар барысында олар бір-бірімен қарым-қатынас жасап, тілдік орта құрады. Мұндай ортада тіл үйрену табиғи әрі нәтижелі жүзеге асады.

Өз тәжірибемде ойын технологияларын жүйелі түрде қолдану арқылы оқушылардың жаңа сөздерді меңгеру деңгейі артқанын, сабаққа деген қызығушылығы күшейгенін байқадым. Ойын – тек уақыт өткізу құралы емес, ол – педагогикалық тұрғыдан тиімді, оқушыны дамытатын маңызды әдіс.

Қорытындылай келе, ағылшын тілін оқытуда ойын элементтерін қолдану – оқушылардың сөздік қорын молайтып қана қоймай, олардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыратын заманауи әрі тиімді тәсіл. Болашақта да осы бағытта жұмысымды жалғастырып, әр сабағымды мазмұнды әрі қызықты өткізуге талпынамын.

Маржан КИШИБАЕВА,

“№74 ЖББМ”КММ

ағылшын тілі пәні мұғалімі.

АҒЫЛШЫН ТІЛІН МЕҢГЕРТУДЕ  ИНТЕРАКТИВТІ ОЙЫНДАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған