Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен агроөнеркәсіп кешенінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан және алда қолға алынатын жобалар туралы мағлұмат беріліп, жауапты басшылардың есептері тыңдалды. Өңір басшысы аудан, қала әкімдері мен Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына, «Түркістан» ӘКК басшылығына тиісті тапсырмалар берді.

– Бізге тың идеялар мен жаңа жобалар қажет. Барлық аудан, қала әкімі ауыл шаруашылығына инвестиция тартып, өнімді терең өңдеуге басымдық беруі тиіс. Су үнемдеу технологиясын енгізу, жаңа тәсілдерді қолдану, егістікті әртараптандыру маңызды. Нақты жоспар, жүйелі жұмыс қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен жауапты басшылардың баяндамалары тыңдалды. Агроөнеркәсіп кешенінің әр саласы бойынша тартылатын инвестиция бойынша мағлұмат берілді.

2024 жылдың 10 айында агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 130 млрд. теңге тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артты. 2024-2030 жылдары аралығындағы өңірде ауыл шаруашылығына 556 млрд теңге инвестиция тартылып, 336 жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Осы арқылы 12 мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделген. Ал биылғы 10 айда АӨК-те 30 жоба жүзеге асып, 237 жұмыс орны ашылды.

Облыс әкімі жоспарлар қағаз жүзінде қалмай нақты іске асуы керектігін айтты. Аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді. Жобалар әлі де жүйеленіп, тиісті жұмыстар атқарылады.

Осы жерде айта кетерлігі, Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жақында Қытай елінің Синьзян провинциясының «Цзинь Тайян Ко., ЛТД» компаниясының басшысы Луи Кесонганы қабылдап, ауыл шаруашылығы үшін қажетті жалпы құны 15 млн. АҚШ доллары (7,5 млрд. теңге) болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды. Осы аталмыш жоба аясында қытайлық кәсіпкер аудан аумағында ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды шығаратын зауыт салатын болады. «Ағын суды үнемдеу мен өнім сапасын арттыруда аса тиімді тамшылатып суғару әдісін кеңінен жүзеге асыруға қажетті құрал-жабдықтардың ауданымызда шығарылуы шаруалар үшін де, аудан экономикасы үшін де пайдалы болмақ. Одан бөлек, көптеген жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады, бағасы да тиімді болады» деген аудан басшысы зауыттың инфрақұрылымы мен қажет болған жағдайда екінші деңгейлі банктер арқылы несие алу үшін де қолдау көрсететінін жеткізді.

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған