Абай — дана

 Абай — дара қазақта

Қазақ халқының мәдени тарихында Абай Құнанбаевтың (1845-1904) алатын орны ерекше. Ағартушы-ақын, жаңашыл композитор бір басына осындай сирек дарын қонған Абай қаламынан қазақтың музыка тілін Абайлық стильмен байытқан тамаша әндер туды.

Алысы-жақын ауылдастар мен ағайын ортасыaндағы әнші-күйші, өнерпаз адамдармен әр кез дастархандас, сырлас, дәмдес бола жүрген болашақ ұлы ақын қазақтың ұлттық мәдениетіндегі ән жанрын, әншінің қоғамдық-әлеуметтік биік тұғырын терең танып, үлкен мән берген. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген ақын поэзияға қойған заңғар талабын қазақ музыкасына оның ішінде қазақ ән өнеріне де қоя білді.

Поэзияда: «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,

 Қиыннан қиыстырар ер данасы,»-

десе, музыкаға келгенде:

   Құр айғай бақырған құлаққа ән бе екен?

Өнерсіз шатылған кісіге сән бе екен?

 немесе:

Құлақтан кіріп бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй!

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй.

Дүние ойдан шығады,

Өзімді-өзім ұмытып,

        Көңілім әнді ұғады

Жүрегім бойды жылытып, – дейді.

Көргені, білгені көп, рухани жағынан аса бай Абай тек ән шығарып қойған жоқ.  Ол сол  мезгілге қарай үлкен сыншы, біліп баға беретін адал төреші болды. Ол тек өз әндері туралы емес, жалпы музыка жайлы, ән, күй айналасында орындаушылық мәселесінде терең, философиялық пікірлер айтып кетті. Ол өмір шымылдығының музыкамен ашылып, музыкамен жабылатынын, дүниеде музыкасыз ешбір кезең жоғын айтып кетті [1, 58-б.].

                                  Туғанда дүние есігін ашады өлең,

                                  Өлеңмен жер қойнына кіреді денең, –

(бұл арада «өлең» «музыка» деген мағынада болу керек) деп, бесіктен көрге шейін музыканың жолдас болып жүретінін дәл көрсетті.

                                    Бала түсе күзетер шілдеқана,

                                   Олар да өлең айтар шулар және, –

деп, дүниеге шырылдай келген, әндете келген нәрестені түні бойы сол әнмен, сол музыкамен күзетіп отыратынын айтады.

Абай мұнымен қатар музыка жайлы өткір, философиялық пікірлер қалдырды. Өзінің: «Алты өлеңмен білдірдім әнің жайлы» дегенінде:

Салған ән көлеңкесі сол көңілдің,-деуі, музыканың объек­тивтік өмірдің сәулесі екендігін, сол шындықты біздің көңіліміз (санамыз деген мәнде айтылып отыр. А.Ж.) арқылы сәулеленіп көрінетінін топшылайды. Философияның, эстетиканың кітап тілімен айтпаса да, жабайы тілмен-ақ шындықтың үстінен түседі. Ал:

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы әнменен тәтті күй,-

дегенінде музыка сол есту арқылы біздің бойымызды алады дейді. Әннің құрылыс материалы-дыбыс, ол физикалық құбылыс, адамның есіту мүшесі арқылы сезімге, санаға жетеді. «Бойды алады» деуі осы.

         Музыканың теориясын оқымаған Абай, өзінің өткір ойы арқылы бұл өнердің тағы бір жақтарын әңгіме етеді.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Оның тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар, –

дейді.         Абай әнімен қатар қазақтың күйлері жөнінде де бағалы пікірлер айтты. Күйдің «сөзі жоқ ән» екенін білген Абай, оның адамға деген әсерінің әнмен барабар екенін келтіреді([2, 75-б.].

Абайдың: «Сегізаяқ», «Бойы бұлғаң», «Сен мені не етесін», «Қор болды жаным», «Біреуден біреу артылса», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем қаламқас», «Ата-анаға көз қуаныш», «Сүйсіне алмадым, сүйіндім», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сұрғылт тұман», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Татьянаның әні», «Онегиннің өлердегісі», «Көңіл құсы құйқылжыр», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қарашада өмір тұр», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлеңді қайтып қоярсың», «Онегиннің хаты» тағы басқа әндері бар. Бұл аталғандардың әрқайсысының бірнешеден варианттары бар.

0Абайдың бізге мәлім үш күйі бар. Олар: «Top жорға», «Май түні» және «Абайдың желдірмесі» атты күйлері.

         Күй өзінің атына сәйкес екі бөлімнен тұратын табиғат сұлулығып бейнелеген лирикалық туынды. «Май түні» Абай әндерімен сарындас, жазғы жайлаудың түнгі көрінісіндегі сауық-сайранды елестету арқылы ой тербетіп отырумен ерекшеленеді.

         «Торжорға» Абайдың бұл күйі көңілді, ойнақы болып, серпінді орындалады. Күйдің ырғағында тайпалған ат жүрісі, оның әсем жорғасы бейнеленген.

         «Торжорға» күйін Ғайса ақсақал жас кезінде Оспан деген домбырашы кісіден үйренген. Оспан Абай ауылында жылқышы, әрі Абайға атқосшы болған екен. Оспан ел арасында мынау «Абай ағамыздың «Торжорға»» атты күйі деп, домбырасын құйқылжыта артып жүрген. «Торжорға» күйінің шығу тарихы былай айтылады, Абайдың өзі ерекше ұнататын Торжорға аты болған. Бұл ат Абайға Жетісу елінен сыйлыққа келген. Абайдың өзі жақсы көрген, Петербордағы әскери артиллерия академиясына оқуға түскен ұлы Әбдірахман сырқаттанып, бұрыңғы Верный қаласындағы госпитальда жатқан кезінде оны күтуге Абайдың жұмсауымен келген кіші баласы Мағаш Верныйдың базарында Ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп қалады. Мағашты күні бұрын естіп білген Дәт бірден үйіріліп, құрмет білдіріп, мән-жайдың бәрін сұрап білгеннен кейін астындағы торжорғасын сыйға тартады.

         «Еліңе ала бар, Абай ағамызға сыйға тарттым Ұлы жүздің бір баласы сәлемдемеге жіберген бір тайы еді дерсің». Бұл жөнінде М.Әуезовтың «Абай жолы» романында тартымды суреттелген([3, 24-б.].

         Абайдың «Торжорға» күйі атына сай мелодиялық ырғақ-иірімдерінің әсемдігімен, суреткерлік құбылыстарымен ерекшеленеді.

         Абайдың:

Қаңқылдап біреу ән салса,

Біріне бірі жуықтап,

Тебінісіп, қамалар,

Тоқтатып болмас сырықтап,-

деп, осы бір жайды, халықтың музыканы аса жақсы көретінін, әлгі әншінің даусына жиналып қалатынын айтқан болу керек.

         Әннің тек басталуы емес, оның орындау белестеріндегі неше алуаы кездесетін нақыстарына да тоқтайды:

Абай әндерінің туу тарихы жөнінде ел арасында әртүрлі әңгімелердің болғанын еске алған дұрыс сияқты. Әсіресе, «Айттым сәлем Қаламқас» әнінің туу тарихына байланысты әртүрлі сөздер ел арасында айтылып келді. Соның бірі- «Айттым сәлем Қаламқас» әні өз заманында бет біткеннің сұлуы болған әні ақылды, әрі кербез, өзі ерекше сауатты Әділхан деген төренің жесір қалған әйеліне арналып еді деген сөз.

Анығына келгенде «Айттым сәлем Қаламқас» сөзі мен әні Абай атамыздың тұнғыш сүйген жары Сүйіндіктің қызы Тоғжанға арналғандығы жөнінде деректер ел арасында молынан сақталған.

Қазақтың халықтық музыкасын жете білген профессор Б.Г.Ерзакович сол кездегі белгілі әнші Темірболат Арғынбаевтан 1934 жылы «Айттым сәлем Қаламқасты» жазып алып, әннің қазіргі айтылып жүрген нұсқасын нотаға түсірген еді [4, 31-б.].

«Айттым сәлем Қаламқас» әні А.В.Затаевичтің 1925 ж. жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» жинағындағы «Тобықты Сүлеймен», «Таранкол», «Гүлдер-ай», «Бәтес көйлек», «Ақ көйлек», «Жеңеше» әндерінің әуен иірімдерімен, ырғақ-өлшемімен, сазымен, музыкалық интонациялар оралымдарымен сарындас келеді.

Жоғарыда «Айттым сәлем Қаламқас» әнінің сөзі 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылғанын айттық. Солай бола тұрса да ол дәстүрлі 3+2+3 өлшемінің Орнына 4+4 бунақтарымен өрнектелген музыкалық өлшем-ырғақ та солармен жымдасып, кірігіп кеткен. Аталған бунақтар ән қайырмасына тән өлшемді шебер ықшамдап, жеті буынды тармақпен алмастырып, созылмалы ән арнасына салған. Сөйтіп, төрт буынды бунақ жеті түрлі әуен-саз ырғағына түсіріліп, үш туынды бунақ құрылысы кәдімгі дәстүрлі ырғаққа лайықталған. Бұл да композициялық тәсілдің бір түрі.

Белгілі композитор, марқұм Латиф Хамиди 1935 жылы, Әрхам Ысқақовтың, 1938 ж. Ж.Елебековтың орындауында «Сегіз аяқтың» екі түрін нотаға түсірген. Профессор Б.Г.Ерзакович 1938 ж. Темірболат Арғынбаев пен Қуан Лекеровтың айтуы бойынша жазып алған. Осы жолдардың ав­торы «Сегіз аяқ» әнінің жетінші, сегізінші түрін Қали Байжанов пен Мәкен Мұхамеджанованың орындауында нотаға түсіріп, оларды алғаш рет Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» жинағына кіргізген болатын. Жалпы Абай әндерінің жинағы тұнғыш рет 1954 жылы жарық көрсе, толықтырылған екінші кіта­бы 1986 жылы «Өнер» баспасынан шықты.

«Сегіз аяқ» әні домбыраның сүйемелдеуімен орындағанда құлпырып кетеді. Әннің өлең сөзі сегіз тармақтан тұрса, әуен құрылысы алты музыкалық    «сөйлемнен» тұрады.

Алыстан сермеп,

 Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жамылған.

Қиуадан шауып,

Қисынан тауып,

Тағыны жетіп қайырған.

Толғауы тоқсан қызыл тіл

Сөйлеймін десен өзің біл!

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас.

Біргенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһра ала алмас

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ-ойға олақ.

Сегіз аяқ (I түрі)

Баяу, терең сезіммен. Медленно, с глубокив чувством-І-106.

Өлеңнің қос тармақ-жолдары әрбір музыкалық сөйлемге сәйкес, аралас музыкалық өлшемде айтылады. Қазіргі кезде «Сегіз аяқтың» төрт түрі минорлық, ал қалған төрт түрі мажорлық әуен сазымен орындалып жүр. Бұл әншілердің мәнерлеу тәсілдеріне байланысты туған жай. Жоғарыда аталған әндердің кейбір варианттарында түркі тілдес халықтар музыкасына тән «Ақсақ ырғақ» желісі де көрініс беретінін айта кеткен жөн. «Ақсақ ырғақ» екпінімен айтушылар Қ.Байжанов, Ә.Ысқақов және М.Мұхамеджанов болды.

Қазақ халық композиторларының музыкалық мұраларының ішінде Абай әндері тарихи, музыкалық-эстетикалық және теориялық аспекті тұрғысынан толық ғылыми тұжырым алды [5, 24-б.].

М.М.Ахметованың халықтық вокальдық музыканың эстетикалық және көркемдік қасиетіне баға берілген, формасына, мелодиялық оралымдарына ладтық-ырғақтық құрылысына тән негізгі белгілер анықталған. «Ән және қазіргі дәуір» еңбегінде «Абай әндері» атты бөлім бар. Мұнда М.Ахметова Абай әндерінің біразын дәстүрлі созылмалы әндерге жатқызады. Олардың формаларын ұйқас және өлең тексінің ырғағына байланысты талдайды. Ав­тор Абай әндері әуендерінің көркемдік бейнелеу құралдарын сипаттап, үлкен және кіші қайырмалардың мазмұнға байланысты драматургиялық функциясын анықтайды. Бұл еңбекте М.Ахметова Абай әндерінің ағартушылық және әлеуметтік мәнін ашып, ондағы өлең мен әуеннің бірлігін баса көрсетеді, композитор творчествосын Қазақстанның революцияға дейінгі ән мәдениетінің шырқау шыңы деп бағалайды. Автор ақын композиторлардың творчествосындағы жаңашылдық «Қазақстанның ән творчествосын одан әрі дамытуға жаңа негіз салуында. Өз халқының көптеген ғасырлар бойғы мәдениетінің құнды жақтарын білді»,-деп ой қорытады.

Сапаркулов Султан Халелович

Түркістан обылысы,Жетісай ауданы

№1 Жетісай балалар өнер мектебі

АБАЙ ӘНДЕРІНІҢ  НЕГІЗГІ  ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған