А.Қалыбеков ауылдық округіндегі Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте қазақ балалар әдебиетінің классигі, талантты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» деген тақырыпта салтанатты кеш өтті.
Биылғы жылы 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізбесіне енгізілген сөз зергерінің есімін ұлықтап, шығармашылық еңбегін ел жадында жаңғырту мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде айтулы іс-шаралар өтуде. Сондай жиынның бірі – Мырзашөл төрінде өтуі бекер емес. Мақтаарал ауданы іріленген жылдары, атап айтқанда 1999 жылы өңірде Қ.Сәтбаевтың атында үш мектеп бар еді. Осыған байланысты Қ.Сәтбаевтың атын өзгертуге тура келді. Шешуші сәтте білім саласының үздігі, осы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, марқұм Түймебай Қожахметов ағамыз білім ордасына жазушы Б.Соқпақбаевтің есімін беруді ұсынған болатын. Бұл бастаманы сол кездегі Үлгілі ауыл әкімшілігінің әкімі, ақын-журналист Пердеш Есенбеков қолдап, тиісті құжаттарды дайындап өкім шығарды. Содан бері ширек ғасырдай уақыт өтіпті.
Енді міне, Б.Соқпақбаев атындағы мектепте өтіп жатқан мерейтойлық жиынға жазушының қызы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы Самал Соқпақбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор, күні кеше Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған жазушы-ғалым, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек пен ҚР Құрметті журналисі, жазушы-журналист Жолбарыс Тілеуұлы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ақын-журналист Пердеш Есенбековтер арнайы келіп қатысты. Рухани кеш осы округтегі Халық Қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсенов атындағы мектептен бастау алды. Мұнда әдеби-сазды кеш өтіп, 6-8 сынып оқушылары «Менің атым Қожа» повесінен жатқа үзінділер оқыды. Кеш қонақтары Абай Пердешұлы атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінде болып, Б.Соқпақбаевтың суреттері мен кітаптары қойылған көрмені тамашалады. Самал Соқпақбаева мектеп кітапханасына әкесінің кітаптарын тарту етті. Қ.Ергөбек өмірден жалындап ерте өткен Абай Пердешұлының рухына тағзым етіп, өзінің жаңа шығармаларын пән кабинетіне сыйлады.
Бұдан соң қонақтар Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебіне келіп жазушыға арнап қойылған ескерткіш-бюстіні ашу салтанатына қатысты. Жүрек тебірентерлік қуанышты сәтте Самал Бердібекқызы толғаныспен былай деді:
- Біріншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен әкемнің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында атап өтіліп, бүкіл адамзаттың рухани байлығына айналғанына шексіз қуаныштымын. Ол үшін Президентке алғыс айтқым келеді. Мерейтой биыл жыл басында Қонаев қаласында бастау алды. Әкемнің туған жері Нарынқолда той жалғасын тауып, мұнда үлкен ескерткіш орнатылды. Алматыда және туған ауылы Қостөбеде Б.Соқпақбаев атына көше беріліп, Нарынқолдағы орта мектепке аты берілді. Білім ордасында ескерткіш-бюст ашылды. Сондай-ақ, Елордамызда «Менің атым Қожа» туындысының бас кейіпкеріне ескерткіш қойылды. Бүгінгі күні сонау шалғайда жатқан Мырзашөлде әкемнің атын ардақтап, мектепке ескерткіш-бюстін қойып, еске алу кешін керемет етіп өткізіп жатқан мектеп директоры Нұржамал Пірімбековаға және барша ұстаздар қауымына, білім шыңына ұмтылған жас өрендерге риза болып отырмын. Өмір шындығын шынайы суреттеп, оқырманның, соның ішінде балалардың сүйіспеншілігіне, махаббатына бөленген әкемнің туындылары жас ұрпақты тәрбиелеуге үлесін қосып келе жатқанына өте қуаныштымын.,-деді Самал Соқпақбаева.
Жиында сөзге шыққан ғалым-жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбек: «Бердібек аға небәрі сегіз жасында анасынан айырылып, тақсірет тартты. Балалық шағында ауыр жұмыс істеп, кедейшіліктің зардабын көрді. Бірақ білімге құштар бала өте ізденімпаз, қабілетті болып өсті. Өмірге құштарлығы арқасында қиындықты жеңе білді. Сонау елуінші жылдан бастап, балаларға арналған газет-журнал редакцияларында жұмыс істеді. Мамандығы бойынша филолог-мұғалім болатын. Мәскеуде жоғары әдеби курсты бітірді. Жазушының «Он алты жасар чемпион», «Алыстағы ауылда», «Балалық шаққа саяхат», «Гауһар», «Менің атым Қожа» повестері мен «Өлгендер қайтып келмейді» атты романы т.б. әңгімелерін оқырман қауым жата-жастанып сүйсіне оқыды. Осы шығармалары арқылы Бердібек ағамыз қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Нағыз қазақ жазушысы екенін айқын дәлелдеді. «Менің атым Қожа» повесі балалардың сүйіп оқитын шығармасына айналып, орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылды. 1963 жылы «Қазақфильм» студиясы осы кітап бойынша жазылған киносценарийді экрнаға шығарды. 1967 жылы «Менің атым Қожа» фильмі француздың Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде арнайы сыйлыққа ие болды. Осыншалықты талант иесінің шығармашылық еңбегі кезінде Үкімет тарапынан қолдау таппады. Қайран ағамыз өмірінде бірде-бір медалды кеудесіне тақпай жарық дүниеден өтіп кетті. Дегенмен, жазушының кітаптары серб, әзірбайжан, француз, орыс, түрік тілдеріне аударылып, үлкен таралыммен оқырман қолына тиіп жатқанына тәубә дейміз. Мәселен, жақында Парижде француз тіліне аударылған «Менің атым Қожа» кітабының тұсаукесері өтетінін естіп қуанып қалдық. Шығармаларын таза ұлттық сипатта жазып, өмірде болған оқиғаларды шынайы көрсете білетін жазушының шеберлігіне тәнті боласың. Өзінін талантымен оқырманның сүйікті жазушысына айналған Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығы ұлт руханиятында ерекше орын алатынын атап өткім келеді,»-деді.
Іс-шараға қатысқан Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қайрат Арап, жазушы-журналист Жолбарыс Тілеуұлы, ақын-журналист Пердеш Есенбеков және мектеп директоры Нұржамал Пірімбековалар қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңба қалдырған суреткердің шығармашылығына тоқталып, асыл азаматтың есімін құрметпен еске алды. Жазушының қызы Самал Бердібекқызы әкесінің көркем кітаптарын мектепке сыйға тарту етті. Келген қонақтар мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасын және қаламгердің кітаптары мен суреттері қойылған көрмені тамашалады. Жас өрендер «Менің атым Қожа» повесінен сахналық көріністер қойды. Қожа, Жантас, Сұлтан, Жанар секілді кейіпкерлер образын шынайы суреттей білді.
Қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған жазушының есімін әспеттеп, ұлықтаған мектеп ұжымының өнегелі ісіне ел риза болды.