1924 жылы 1 қарашада Мырзашөл өңірінің темір қазығы болып ең бірінші «Мақтаарал» кеңшары құрылған болатын. Еліміздегі алғашқы тұқым шаруашылығы болып құрылған кеңшар мақта шаруашылығымен айналысатын аймақтарды – Орта Азия, Закавказье, Поволжье және бірқатар аудандарды элиталық тұқымдармен қамтамасыз ету міндеті тұрды.
Әрине, Бетпақдала бойынан канал қазып, ағынды су әкелу, күн сүйген шуақты өлкеде аса бағалы дақыл – мақта өсіру, шөлді шүлен етіп, өңірді жазиралы аймаққа айналдыру оңайға соққан жоқ. Бұл игілікті істе қаншама азаматтарлың ерлік күресі, қайтпас қайсарлығы мен мұқалмас жігері жатыр. Сондай-ақ, көпұлтты тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымағы, еңбекке деген сүйіспеншіліктері кеңшарды үлкен жетістіктерге бастады. Міне, биыл мырза далада алғаш отау тігіп, шаңырақ көтерген, атақ-даңқымен бүкіл әлемге танылған қазақ мақтасының қарлығашы – «Мақтаарал» кеңшарына 100 жыл толып отыр.
Осы жылы 9-қараша күні Мақтаарал ауданында кеңшардың ғасырлық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Қуанышты мерекеге жиналған тұрғындар мен қонақтар алдымен Ұлы Отан соғысында жаумен шайқасып, ерлік көрсеткен жауынгерлер құрметіне қойылған «Даңқ» мемориалы кешеніне келіп, гүл шоқтарын қойды. Бұл мемориал 1974 жылы орнатылған. Оның негізін Мәскеу қаласынан келген сәулетшілер қалаған. Жақында кеңшардың мерейтойына орай мемориал кешені толықтай жаңартылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Айналасы көгалдандырылып, абаттандырылды. Тұрғындар ҰОС ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына бас иіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Осы мемориал кешені алдында өткен жиында «Мақтаарал» кеңшарының директоры болған Түркістан облысының Құрметті азаматы Әбдіжапар Оңалбаев, осы кеңшардың партия комитетінің хатшысы болып істеген еңбек ардагері Жамалбек Сыдықов, іріленген Мақтаарал ауданының әкімі болған, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Серік Тұрбеков сөз сөйлеп, атақ-даңқымен бүкіл әлемге танылған «Мақтаарал» кеңшарының ғасырлық мерейтойымен көпшілікті шын жүректен құттықтады.
Бұдан соң Атакент кентіндегі «Достық» мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, аудан әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов мақтааралдықтарды мерейтоймен құттықтап, осы кеңшарға еңбегі сіңген азаматтарды мерекелік төсбелгімен марапаттады. Қалың көрерменге кеңшар туралы арнайы дайындалған деректі фильм көрсетілді.
«Біздер өткен тарихымызды еске алу арқылы ерлік пен еңбекке толы ата-бабаларымыздың күрес жолын жас ұрпақ жадында мәңгілік қалдыру – азаматтық парызымыз екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан да, қазақ мақтасының тұңғышы «Мақтаарал» кеңшарының ғасырлық мерейтойын атап өтудің тәрбиелік мәні мен маңызы зор деп ойлаймын. Киелі қарашаңырағымыздың 100 жылдығы құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасына амандық, құт-береке тілеймін!» – деді Бақыт Насырханұлы.
Мұнан соң іс-шараға қатысушылар мен қонақтар Атакент кентінде орналасқан Түркістан облысы мақта шаруашылығы тарихы музейіне және «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы» ЖШС-на арнайы барып, қазақ мақтасының тарихымен танысты.
Тарих тереңіне үңілсек, кеңшардың қаз басып қалыптасуына, қарыштап дамуы тарихында алғашқы директоры Александр Орловтың еңбегі ерен болды. Бүкіл дерлік жұмысын тек егістік басында өткізген директор үш жылдың ішінде кеңшардың техникасын молайтып, ирригациялық жүйелерді қалыптастырды. Жылдар өтіп кеңшардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарқынды түрде дамып, Орта Азия мен Кавказды таза сұрыпты, жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етті. 1927 жылы кеңшар аумағында мақта тәжірибе станциясы құрылды. 1939 жылы ұжымға одақтық дәрежедегі үлгілі оқу-тәжірибелік кеңшар атағы берілді. Кеңшар жанынан бүкілодақтық мақта өңдеу машиналар станциясының филиалы, Дзержинский атындағы ауылшаруашылығы техникумы ашылды. Кеңшардан мақта өсірудің шеберіне айналған тоғыз Социалистік Еңбек Ері шықты. Атап айтқанда, Александр Семенович Орлов, Федор Александрович Орлов, Фрида Шмакова, Ұлтай Ділдәбекова, Қадырбек Маханов, Қыстаубай Аманов, Нұрмұхамед Есентаев, Мамық Тоқжігітов, Владимир Николаевич Куликовтер адал, қажырлы еңбегімен батыр атанды. Даңқы әлемге тараған шаруашылықты басқарған – Александр Семенович Орлов, Федор Александрович Орлов, Мұрат Майлыбаев, Владимир Николаевич Куликов, Петр Васильевич Лугин, Жора Ханазаров, Александр Константинович Спицен, Борис Григоревич Ли Тен Хан, Қосай Ибрагимов, Әбдіжапар Оңалбаевтардың еңбектерін ел ұмытпайды. Өйткені, олар үлкен ұжымды шашау шығармай басқарып, еңбеккерлерді игі іске жұмылдыра білді. Соның нәтижесінде кеңшар әр жылы мемлекетке 25-28 мың тонна мақта тапсырып, мақта өнімділігін гектарына 35-36 центнерге дейін жеткізді. Облыста бұл кеңшар алғаш рет мақта өнімін тек техника күшімен жинауды жолға қойды.
Аталмыш кеңшар ғажайып өндіріс құрылымына айналып, қилы-қилы шежірелі жолдардан өтіп, одақ көлемінде мақта өсірудің көшбасшысы атанды. Әрине, Мақтаарал ауданының отау тігіп, шаңырақ көтеруі де осы «Мақтаарал» кеңшарының құрылуымен тікелей байланысты. Тіпті, қара шаңырақтан енші алып алғашында Мақтаарал, Киров, кейіннен Ильич, Жетісай аудандары бой көтерді. Бүгінде Мақтаарал ауданының өзінде сегіз мыңнан аса шаруа қожалықтары жұмыс істеп, 61 мың гектар егістік алқапты игеріп отыр. Мақта, бақша өнімдерін өндіруден мол тәжірибеге қол жетті. Аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен ауданда мақта-тоқыма кластерін дамыту қолға алынып, 2024-2030 жылдары жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Салтанатты жиында еңбек ардагері Түркістан облысының, Төлеби және Мақтаарал аудандарының Құрметті азаматы Әбдіжапар Оңалбаев, жерлесіміз философия ғылымдарының докторы, профессор Айдар Әбуов, еңбек ардагері, Мақтаарал және Жетісай аудандарының Құрметті азаматы, ақын-журналист Пердеш Есенбековтер сөз сөйлеп, кеңшар тарихы жайында естеліктер айтты. Бұдан соң «Әйгерім» мейрамханасында өткен іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров, ҚР Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Айыпберген Балтабаев, еңбек ардагері, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Мекенбай Атабайұлы, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Дархан Мамытов, Білім саласының Құрметті ардагері Акабай Құдайқұлов, аудандық әжелер алқасының төрайымы Шахзада Құрбанбаева, еңбек ардагерлері, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматтары Мира Есентаева, Роза Төлемісова, Әділхан Әбжанов, байланыс саласының ардагері Кәміл Керімбеков, Жетісай ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Досан Жақыпбаев, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, журналист-жазушы Сабырбек Олжабай, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жарқынбек Қанаев т.б. ардагерлер құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, «Мақтаарал» кеңшарының 100 жылдық мерейтойы барысында «Әйгерім» мейрамханасында ас беріліп, дүниеден өткен ғазиз жандардың рухына құран бағышталды. Қазақтың ұлттық ат спорты – көкпар ұйымдастырылып, жеңімпаз атанған командаларға сыйлықтар берілді. Аудандық Мәдениет үйінің (директоры Серғазы Байдуллаев) «Ақ алтын» халықтық фольклорлық ұлт-аспаптар оркестрі халық күйлерін күмбірлете тартып, тыңдарман қауымға рухани ләззат сыйлады. Күміс көмей, жез таңдай әншілер – Айна Мейірбекова, Жібек Әлмешова, бірнеше ұлттың әндерін нақышына келтіре орындайтын ағайынды өзбек ұлтының өкілдері Сайдуали және Абдуали Каландаровтар, Ескендір Абдулов, Жәнібек Тағаев, Біржан Жанту т.б. ауданымыздың өнер саңлақтарының концерттік бағдарламасын көпшілік сүйсіне тамашалады.