АЭС дегенде өкінішке орай көпшіліктің естеріне міндетті түрде бірден Чернобыл мен Фукусимадағы апаттар түседі. Ал кейбірінің саналарында сол ұғым жатталып қалғандары соншалықты, міндетті түрде АЭС атаулыны бәрі жарыла беретіндей елестей береді.
Бұл фобияны жоятын уақыт келген сияқты. Сол азаматтар неге екені Украина елі тәуелсіздікке қол жеткізген соң өзіндегі АЭС атаулыны жауып тастамай қайта атомдық реакторлардың санын көбейткені туралы ойланбайды екен? Нәтижесінде бүгінде ол ел атомдық реакторларының саны бойынша әлемде 10 орында тұрса, Еуропада 1 орын алады. Қазір бұл елде соғыс жүріп жатса да орыстар басып алған Запорожедегі АЭС-тен басқасы қалыпты жұмыс істеп тұр. Олар «Орыстар біздің АЭС-терімізді 1 зымыранмен-ақ құртып тастай салады!» деп шошып, соғыстың алғашқы күні-ақ олардың бәрін өшірген жоқ. Барлық реакторлары МАГАТЭ-нің бақылауында қалыпты жұмыс істеуде. Айтпақшы Жапонияда да Фукусимадан кейін атом энергетикаына толық тиым салынған жоқ. Қазір сол елде 12 атомдық реактор энергия өндіруде…
Украйнаның көршісі Түркия елі де қазір әлемдегі алып АЭС-тердің бірін салуда. Олар да «Көршімізде соғыс жүруде, егер бір зымыран қателесіп, біз жаққа өтіп кетсе, не болада?» деп шошынып отырған жоқ. Қайта АЭС ті ертерек бітіру үшін барын салуда.
Көрші демекші Орта Азиядағы халқы көп ел саналатын Өзбек елі де бүгінде АЭС салуда. Сол құрылыста біздің қандастарымыздың да жұмыс істеп жатқанын естудеміз. Бұл жерде өзбектердің неге «Егер бір жағдай болып қалса, бірден жүз мыңдаған азаматымыз апат аймағында қалады-ау!» деп өмірден түңіліп отырмағаны скептиктерді ойлантпауда.
Егер басқа елдер өз істеріне сенімді болса, онда біз неге шошынып, «қыр астындағы қасқыр әне келеді, міне келеді» деп алаңдай беруіміз керек? Ондай жағдайда экономикамыз ғана емес, еліміздің де алға жылжуы қиын-ау.
Берік ЗАЙТҰЛЫ,
Жетісай ауданы.