Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына жұмыс сапарынан кейін еліміздің тағы бір маңызды ауыл шаруашылығы аймағы – Түркістан облысында болды. Осы жерде министр Н.Нұржігітов Сауран, Жетісай және Мақтаарал аудандарының шаруаларымен кездесіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді және суару кезеңінің барысын бақылады.
«Министрлік еліміздің оңтүстік аймағындағы шаруаларды жеткілікті мөлшерде суармалы сумен қамтамасыз ету үшін үлкен жұмыс жүргізді. Су дипломатиясы маңызды рөл атқарды. Біз Орталық Азиядағы басқа мемлекеттердегі әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Енді бұл суды дихандарға жеткізу керек. Суармалы судың әрбір шаруа қожалығына жетуі біз үшін өте маңызды. Шаруалар «Қазсушармен» су беру жөнінде келісімшартқа отырды, сондықтан кәсіпорын барлық міндеттемелерді орындауы тиіс», – деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов Сарыағаш ауданында 70 мыңға жуық тұрғыны бар 30 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге тиіс топтық су құбырының құрылысымен танысты.
Су құбырының құрылысы келесі жылы аяқталуы керек. Нұржан Нұржігітов Сарыағаш ауданының тұрғындарын мүмкіндігінше ертерек сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Оңтүстік ауыз су» филиалына жұмыстарды мерзімінен кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Су ресурстары және ирригация министрі ведомство бұл мәселеде қажетті қолдау көрсететінін мәлімдеді.
1 сәуірден бері Өзбекстан Сырдария өзені арқылы Қазақстанға 3,9 млрд. текше метр су жіберді.
Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд. текше метр су жіберу туралы мәмілеге келген болатын. Нәтижесінде өзбек тарапы келісілген су көлемін 4 айда жіберді.
Суару кезеңінің соңына дейін Өзбекстан Қазақстанға тағы 1 млрд. текше метр су жібереді деп күтілуде. Бұл еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардың суармалы суға сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 2,6 млрд. текше метр су бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 689 млн. текше метрге артық. Шардара су қоймасына жалпы көлемі 3,9 млрд. текше метр су келді.
Өз кезегінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 3,6 млрд. текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 950 млн. текше метрге артық. Қызылқұм каналына 700 млн. текше метр су, ал 400 млн. текше метр Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.
Қазіргі таңда көрші республикалармен Тоқтоғұл және Бахри-Точик су қоймаларының жұмыс кестесін алдын ала келісудің нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келуде. Бүгінде аталған канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келіп жатыр. Бұл көлем, мамандардың есебі бойынша Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен толық көлемде қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып табылады екен.