ҚР Үкіметі кезекті отырысында ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қарады. Осы отырыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде экономиканың өсімі 4%-ды құраса, нақты секторда оң динамика 5%-ды, қызмет көрсету саласында 3,8%-ды құрағанын баяндады.
Нақты айтар болсақ – салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр. Көлік қызметі 8,0%-ға, байланыс 6,4%-ға, сауда 6,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі 4,8%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады. Инвестиция көлемі байланыста 81,7%-ке, білім беруде – 79,3%-ке, көлікте – 31,1%-ке, өңдеу өнеркәсібінде – 6,3%-ке, денсаулық сақтауда – 4,8%-ке өсті.
Қаңтар-тамызда еліміздің сыртқы сауда айналымы $91,7 млрд-ты құрады. Экспорт $53,5 млрд-ты, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $17,8 млрд-ты, импорт $38,1 млрд-ты құрады. Жалпы алғанда, ҚР-ның оң сауда балансы $15,4 млрд-қа тең болса, өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Өндіріс көлемі 4,8%-ға, тау-кен өнеркәсібінде 1,2%-ға өскен.
Ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте 12,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінің көрсеткішінен 6,2%-ға артық. Ауыл шаруашылығы өсудің белсенді кезеңіне өтті. Дәнді дақылдарды жинаудағы үдемелі қарқынның арқасында сала өндірісінің көлемі 11,4%-ға ұлғайды. Өсімдік шаруашылығының өсім 17,8%-ды құрады.
Сонымен қатар, Н.Байбазаров елдің экономикалық тұрғыдан өсуін қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларға – 1.Игеру сомаларын қатаң бақылауға алып, инвестициялық бюджеттердің игерілуін қамтамасыз ету; 2.Жылдың соңына дейін мұнай өндірудің жоспарланған көлемін қамтамасыз ету; 3. «Самрұқ-Қазына» холдингі отандық өндірушілердің тауарларын компания тобымен сатып алуын ұлғайтуды қамтамасыз етсін; 4. Астық жинауды толық көлемде аяқтау, «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамы және мүдделі мемлекеттік органдар астықты, оның ішінде экспортқа үздіксіз тасымалдау мен өткізуді қамтамасыз етуге баса назар аударуы қажет-деді.