
Жетісай қаласы әкімшілігінің ғимараты жанындағы Абай ескерткіші алдында – қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл-ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Салтанатты шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, оқушылар, жастар және қала тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталды. Қатысушылар Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, оның шығармаларындағы рухани тәрбие, адамгершілік қағидаттары мен өмірлік ұстанымдары туралы мазмұнды ойлар ортаға салды.
Жиналған қауымға Абайдың «толық адам» ілімі, ұлт бірлігін нығайтуға, білім мен ғылымға үндеген құнды идеяларының жастар тәрбиесіндегі рөлі кеңінен түсіндірілді. Сөз сөйлегендер ұлы ойшылдың еңбектерінің бүгінгі күнде де маңызын жоғалтпағанын, керісінше, ұрпаққа бағдар беретін шамшырақ екенін атап өтті.
Бұл тағылымды басқосу – республика көлемінде өтіп жатқан Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мәдени іс-шаралардың бір бөлігі болды.
Мерекелік іс-шара соңында қатысушылар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ойшылдың рухына тағзым етті. Жиналғандар оның мәңгілік мұрасын ұлықтау – бүгінгі және келер ұрпақтың абыройлы міндеті екенін атап өтті.
ДИНА УТЕБАЕВА, Жетісай ауданы.